Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Боксерлік краш»: чемпионмен селфи

«Боксерлік краш»: чемпионмен селфи

80 қаралым

Әдетте Балауса Мұздиманды жанкүйерлері шаршы алаңнан көруге үйренген. Ал 23 тамызда белгілі боксшыны Ақши ауылының тұрғындары туған жеріндегі сайлау учаскесінен кездестірді.
Құрылтай депутаттарының сайлауында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кәсіпқой боксшы Балауса Ғабитқызы Мұздиман №418 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Спортшыны таныған ауыл тұрғындары онымен тілдесіп, естелік суретке түсті. Чемпионмен кездесуді әсіресе жас тұрғындар жылы қабылдап, бірге селфи жасауға асықты.
– Спортта әр жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен дайындаламыз. Бүгін де мен үшін маңызды күн. Ақши ауылында жерлестеріммен кездесіп, олардың жылы ықыласын сезіну ерекше әсер сыйлады. Осындай сәттер туған жеріңмен байланысыңның қаншалықты қымбат екенін тағы бір сезіндіреді, – деді Балауса Мұздиман.
Балаусаның спорттағы жолы 2011 жылы басталған. Бір жылдан кейін Қазақстан чемпионатында топ жарып, кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
2023 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері кәсіпқой боксқа ауысты. Ал 2024 жылы Таиландта өткен жекпе-жекте WBA Asia белбеуін жеңіп алды.
Рингте қарсыласына қарсы тұратын спортшы үшін жауапкершілік ұғымы жақсы таныс. Бұл жолы ол спорттық додаға емес, сайлау учаскесіне келді.
Ақши тұрғындары үшін де бұл күннің өз естелігі бар. Кеше ғана шаршы алаңнан көріп жүрген чемпионды туған ауылында кездестіріп, тілдесіп, бірге суретке түсу – ауыл тұрғындары үшін ерекше сәтке айналды.
Рингте Балаусаны жанкүйерлері алыстан қолдаса, бүгін ол сол жанкүйерлерімен туған жерінде жүзбе-жүз қауышты.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ