Ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған Абайдың тағылымды ойлары бүгін өзгеше ортада қайта жаңғырды. Өтеген батыр ауылындағы №1062 сайлау учаскесінде дауыс беру барысы бірнеше минутқа рухани мазмұнмен астасты.
Құрылтай депутаттарының сайлауына Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, театр және кино актері, режиссер-педагог Берікқан Рақымжанұлы Төкенов Абай Құнанбайұлының образында келді.
Дауыс бергеннен кейін актер ұлы ойшылдың қара сөздерінен үзінді оқыды.
Көріністің өзі мәнді еді: сайлау учаскесі, қолында бюллетені бар тұрғындар және бірнеше буынға таныс Абай сөзі. Театр сахнасы да, арнайы декорация да жоқ — бұл жолы қара сөздер күнделікті өмірдің өз ортасында естілді.
Абай мұрасы әлдеқашан әдебиет аясынан шығып, ұлттық ой-сананың ажырамас бөлігіне айналған. Оның адам, білім, ар-ождан мен жауапкершілік туралы толғаныстары арада қанша уақыт өтсе де өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Сондықтан Берікқан Төкеновтің Абай бейнесінде келуі дауыс беру күніндегі жай ғана ерекше көрініс емес еді. Ол ұлы ойшыл мұрасының бүгінгі қоғаммен табиғи сабақтастығын аңғартқан сәттердің біріне айналды.
Дәуір өзгереді, уақыт алмасады. Ал адамды ойға жетелейтін сөздің ғұмыры ұзақ.