Кеген ауданына қарасты Тасашы ауылында Құрылтай сайлауында дауыс беруге 385 азамат тіркелген. Ел тағдырына бейжай қарамайтын тұрғындар таңсәріден №564 сайлау учаскесіне қарай асықты.
Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін сайлау комиссиясының мүшелері көпшілікке таныстырылып, дауыс беру рәсімі ресми түрде ашылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақ тілектер ақтарылды.
№564 сайлау учаскесінің төрағасы Нұргүл Абықанова бұл күннің тарихи маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгін – әр азаматтың өз таңдауын жасап, ел болашағына үн қосатын жауапты күн. Сайлау учаскесінің ашылуына арнайы келіп, азаматтық белсенділік танытып отырған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді ол.
Сайлау бәрінен ерте келген ауыл тұрғыны Сәрсенбай Мамырбаевқа, алғаш рет дауыс берген жас сайлаушы Әділет Жақыпбайға және еңбек ұжымын ұйымдастырып, дауыс беруге бастап келген интернат меңгерушісі Құралай Оқасоваға естелік сыйлықтар табысталды.
Жиында сөз алған ауыл ақсақалы Қанатбек Азатов ел бірлігі мен татулығының маңызын тілге тиек етіп, саяси науқанның әділ әрі ашық өтуіне тілектестік білдірді.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген Сәрсенбай Мамырбаев азаматтық ұстанымын былайша жеткізді:
– Бірлік – елдіктің басты тұғыры. Мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде әр азамат өз үнін білдіруі тиіс. Сондықтан мен әрбір саяси науқанда дауыс беруді азаматтық міндетім деп санаймын. Еліміздің өсіп-өркендеуі, келер ұрпақтың жарқын болашағы бәрімізге ортақ, – деді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауы еліміздің барлық өңірінде таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Тасашы ауылындағы сайлау учаскесінде де дауыс беру заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымшылдықпен өтіп жатыр.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы.