Құрылтай депутаттарын сайлау күні Жетіген ықшам ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемдегі жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға жергілікті өндірушілердің табиғи әрі сапалы өнімдері ұсынылды.
Жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруалар мен жергілікті кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға ұсынды. Сауда қатарларынан тұрғындарға күнделікті қажетті азық-түлік өнімдерінің сан түрін кездестіруге мүмкіндік болды.
Шараның басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін кеңінен таныстыру және тұрғындарға сапалы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну.
Жәрмеңке барысында тұрғындар өнімдерді таңдап, өндірушілермен тікелей пікір алмасып, жергілікті шаруашылықтардың жұмысына қызығушылық танытты. Мұндай формат кәсіпкерлерге өз өнімдерін танытуға, ал тұрғындарға сапалы тауарды өндірушінің өзінен сатып алуға мүмкіндік береді.
Жетігенде өткен жәрмеңке жергілікті өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосатын маңызды салалардың бірі.
Құрылтай депутаттарын сайлау күні өткен бұл шара азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, қаланың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін де айқын көрсетті. Тұрғындардың сайлауға қатысуымен қатар, жергілікті өнімге қолдау білдіруі – қоғамдағы белсенділік пен өзара байланыстың жарқын көрінісі болды.
ОҚИҒАНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МӘНІ
Жергілікті өнімдер жәрмеңкесі сайлау күнінің мазмұнын тұрмысқа жақын, жылы атмосферамен байытты. Дәм мен дәстүр, кәсіпкерлік пен қонақжайлық үндескен алаң тұрғындардың өзара байланысын күшейтіп, қаланың еңбекқор келбетін танытты.