Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жеті баласымен ұлттық киім киіп дауыс беруге келген отбасы көпшіліктің назарын аударды

Жеті баласымен ұлттық киім киіп дауыс беруге келген отбасы көпшіліктің назарын аударды

60 қаралым

    Құрылтай депутаттарының сайлауы күні Іле ауданындағы №385 сайлау учаскесінде көпшіліктің назарын аударған ерекше көрініс болды. Н. Тілендиев ауылының тұрғыны, ұстаз Ықылас Гаипов жұбайы және жеті баласымен бірге ұлттық киім киіп, дауыс беруге келді.

    Бір шаңырақтың тоғыз мүшесінің ұлттық нақыштағы киіммен сайлау учаскесіне бірге келуі жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Жеті бала тәрбиелеп отырған Гаиповтар отбасы үшін маңызды қоғамдық шараларға балаларын бірге ертіп бару – азаматтық тәрбие берудің бір жолы.

    Отағасы Ықылас Гаиповтың айтуынша, балаға азаматтық жауапкершілікті түсіндірумен қатар, оны ата-ананың өз ісі арқылы көрсету маңызды.

    «Жеті баламызды да бүгін әдейі өзімізбен бірге алып келдік. Себебі бала айтқан сөзден гөрі көргенін көбірек есте сақтайды. Ертең олар да ержетеді, ел азаматы болады. Сол кезде өз таңдауын жасау, қоғамдағы маңызды сәттерге бейжай қарамау қалыпты нәрсе екенін кішкентайынан көріп өссе дейміз. Ал ұлттық киім – біздің болмысымыз. Балаларымыз дәстүрін біліп, ұлттық құндылықтарды құрметтеп өскенін қалаймыз», – деді Ықылас Гаипов.

    Балалардың да сайлау учаскесіндегі жағдайға қызығушылық танытқаны байқалды. Үлкендері ата-анасымен бірге дауыс беру барысын бақыласа, кішкентайлары үшін бұл күн отбасымен бірге өткізген ерекше сәттердің біріне айналды.

     Гаиповтар отбасының ұлттық киіммен бірге дауыс беруге келуі сайлау күнінің есте қаларлық көріністерінің бірі болды. Бұл отбасының өнегесі арқылы ата-анадан балаға берілетін тәрбие, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығы көрініс тапты.