Бүгін Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінде ақын Бақыт Беделханұлы дауыс берді.
Ақын бұл күннің ел өміріндегі мәніне тоқталып, азаматтың қоғамдық үдеріске араласуы жауапкершіліктен басталатынын айтты.
«Құрылтай – елдің көкейіндегі мәселелерді ортаға салып, қоғамның ой-пікірін тоғыстыратын маңызды алаң. Қазақта елдік мәселелерді ақылдасып шешудің дәстүрі ежелден бар. Бүгін де сол сабақтастықтың маңызы зор», – деді Бақыт Беделханұлы.
Ақынның пікірінше, Құрылтайдың басты құндылығы – қоғамдағы түрлі көзқарастардың ашық айтылып, елге ортақ мәселелердің талқылануында.
«Қоғамның ойы бір арнаға түсуі үшін алдымен бір-бірімізді тыңдай білуіміз керек. Әр адамның пікірі елдің ортақ ойына қосылған үлес деп қараймын. Құрылтай осы тұрғыдан алғанда пікір алмасатын, ой саралайтын орта болуы қажет», – деді ол.
Бақыт Беделханұлы ақын ретінде сөздің қоғамдық салмағына да назар аударды.
«Ақынның сөзі – халықтың сөзінен бөлек емес. Елдің қуанышын да, мұңын да, арманын да сезініп айту – қалам ұстаған адамның жауапкершілігі. Сондықтан елдің болашағы сөз болған жерде ақынның да айтары болуы керек», – деді ақын.
Бүгін Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде өткен дауыс беру Бақыт Беделханұлы үшін азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды сәт болды.