Татулығы жарасқан, халқы еңбекқор, табиғаты тамаша, жері құнарлы қасиетті Қарадаланың дамуы қарқынды. Әрине, әлі де өңірде шешілуі тиісті өзекті мәселелер шаш етектен. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданына жасаған кезекті сапарында айтты.
Марат Елеусізұлы іссапарын әрбір ауылдық округтегі шаруа қожалық төрағаларымен кездесуден бастады. Жер жыртып, егін егіп, бау-бақша өсіріп, нәпақасын тауып, тауып қана қоймай, мемлекеттің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген шаруа иелерінің жағдайын тыңдады. Ауылдағы шаруалардың шешілмей жүрген түйінді мәселелеріне қанық болды. Жылдар бойы тұралап қалған проблемаларымен танысты. Шарын ауылдық округіндегі «Ғайрат» шаруа қожалығы төрағасы биыл жүздеген гектарға отырғызылған жүгеріні өткізетін орын таппай, сабылғанын жасырмады. Ала жаздай еткен еңбек күн суытса еш кететінін айтты. Ауданда өндірілген өнімдердің сапасын анықтап, сертификат беретін арнайы зертхананың жоқтығы, жемістерді сақтайтын, сыйымдылығы үлкен қойманың тапшылығы, малдың жүні мен терісін қабылдайтын орынның жоқтығы, бау-баша өнімінің су тапшылығы салдарынан төмендеп бара жатқандығы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтарының төмендетілген пайызбен несие алмайтындығы, шаруашылыққа жер, кәсібін дамытуға несие алудағы бұра тартулар мен ұдайы алдыңнан шығатын кедергілер жайында облыс басшысына сұрақтар қойылып, толғандырған мәселелер толық жеткізілді. Облыс басшысы әрбір проблеманы мұқият тыңдап, ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан әкіміне тиісті шаралар қабылдап, жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімі келесі кезекте аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Әуелгі баяндаманы аудан әкімі Бота Елеусізова жасады. Ауданның аграрлық секторындағы бірқатар мәселе бойынша сөз бастаған аудан әкімі биыл 32,2 млрд теңгеге ауылшаруашылық өнімі өндірілгенін, бұл 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 4,6 млрд теңгеге аз екендігін, өнеркәсіп өнімдері де 18,4 млрд теңгеге өндіріліп, былтырғыдан 5,7 млрд теңгеге төмендегенін айтты. Мұның басты себебі – «Отан Грин Фуд» құс фабрикасының 5 ай ішінде ветеринарлы-профилактикалық жұмыстарын жүргізуіне байланысты 7 000 тонна ет былтырғыдан кем өндірілген.
Ұйғыр ауданы жеміс-жидегі, әсіресе алма, өрігімен танымал. Қарадаланың абрикос, шабдалы, алмасына деген сұраныс елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де көп. Ауданда бүгінде жалпы көлемі 4 131 гектар бақ бар. Оның 36 гектары биыл отырғызылды. Бірақ табиғаттың «тосын сыйы» салдарынан биыл өнімділік тағы да төмен болып отыр.
Шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерліктер көп. Мемлекеттің әрбір көмегі мен қамқорлығын тиімді пайдаланып, жұмысын дамытқан жандар саны да жыл санап артып келеді. Биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстары үшін 4 шаруа қожалығы 49,2 млн теңге несие алған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 55 кәсіпкердің өтінімі мақұлданып, 391,5 млн теңге несие бөлінген. Сондай-ақ аудан әкімі Бота Серікқызы облыс басшысы Марат Елеусізұлынан ауданның ауылшаруашылық техникасы паркін жаңарту мақсатында биыл құрылған 13 кооперативтің қаржыландыруына ықпал етуін сұрады.
Ауылдағы шаруалардың басты мәселесі – су. Жыл сайын су тапшылығы салдарынан жүздеген гектар жер пайдаланылмай, құлазыған ен далаға айналуда. Осындай қиындықтан шығу жолы – ауылдарға тоспа салу мәселесі болатын. Бұл проблема жылдар бойы көтеріліп келеді. Дабыл қаққан шаруалар өнімнің сапасы да, көлемі де азайып, шығынның өтелмей жатқанын айтып, талай мінбеде зар қаққан еді. Осы сең енді бұзылғандай. Мемлекет шаруалардың жанайқайын тыңдап, су мәселесін шешу жолына кіріскен. Биыл Тиірмен және Сұңқар ауылдарында шағын су қоймаларының құрылысын жобалауға қаражат бөлінген. Сүмбе, Қырғызсай, Ават, Шошанай ауылдарына тоспа салуға, техникалық экономикалық негіздеме жасатуға қаржы қарастырылған. Бұл жобалардың іске асырылуы келешекте қосымша 8 300 гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік туғызады екен. Сондай-ақ, ауданда сыйымдылығы 5,4 млн текше метрді құрайтын апаттық жағдайда тұрған 5 тоспа бар. Тоспалардың жұмыс істемеу себебінен 2 990 гектар жерді суару мүмкін болмай отыр. Осы проблеманы алдағы уақытта шешу мәселесі қарастырылуы тиіс.
Қасиетті Қарадаладан аққан шипалы арасан суы ауданда туризмнің дамуына зор ықпал етуде. Бірақ сол демалыс орындарынан шыққан ағынсу ауылшаруашылық жерлерін зақымдап отыр. Сондықтан да келешекте суды жинақтап, суару жүйесіне пайдалану жолдарын қарастыру қажеттілігі туындауда.
Осылайша аудан әкімі Бота Серікқызы ауызсу, халықты тұрғын үймен қамту, жолдардың жөнделуі, көгілдір отын бойынша орындалған, орындалатын жұмыстар легін баяндады. Білім, денсаулық салаларындағы жетістіктерді де жеткізді. Денсаулық, мәдениет салаларындағы кемшіліктерді, есіктеріне қара құлып салынған Мәдениет үйлерінің жайын айтты. Жылдар бойы жөндеу көрмеген нысандардың бүгінде қабырғалары қақыраған. Ауылдағы бірден-бір мәдениет ошағы болып отырған клубтардың мүшкіл халі де сөз болды.
Кездесуде сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды. Облыс аумағындағы ірі жобалармен таныстырды. Қонаев қаласының Бас жоспары жайында да хабардар етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары барысында индустриялық аймақтардың инфрақұрылымдарын (су, жол, электр қуаты) қаржыландыруды, «G4 City» жобасын жеке қала ретінде бөлуді зерделеуді, еліміздің ұлттық компанияларына облыстың ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы кәсіпорындармен офтейк-келісімшарт жасауды тапсырғанын айтқан аймақ басшысы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайына да тоқталды.
Мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал басын көбейту жайын екшеп айтқан облыс басшысы Ұйғыр ауданында да бұл қолға алынғанын жеткізді. Оның сөзінше, биыл «Қонаев» ӘКК АҚ арқылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында Сүмбе ауылдық округінен «Мирас» шаруа қожалығы жалпы көлемі 8,4 млн. теңгеге 20 бас асыл тұқымды ірі қара малды жеңілдетілген несиемен алған. «Аудан халқының негізгі кәсібі етті-сүтті мал, тауық өсіру болғандықтан, қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тартуды ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін өнімдерді Алматы қаласының сауда желілері мен азық-түлік базарларына бірігіп жеткізуді ұйымдастырған жөн», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ суды үнемі пайдаланудың, өнімділікті арттырудың бір жолы – тамшылатып суару әдісіне көшуді тапсырған Марат Елеусізұлы бұл бағытта Қарадаланың қарқыны әлі баяу екенін айтты. «Облыстағы 263,8 мың гектар суармалы жердің 9,6 мың гектары, яғни, 3,6% тамшылатып суарылады. Аудандағы 20,6 мың гектар суармалы жердің тек 637 гектары, 3,1%-ында ғана осы әдіспен жұмыс істейді», – деген облыс басшысы аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Пайдаланылмай жатқан жердің қайтарылуында Ұйғыр ауданы алғашқы орында тұр. Осындай әр бағыттағы жетістіктер мен кемшліктерді сөз еткен Марат Сұлтанғазиев халықтың көкейіндегі көп сауалға да жауап берді.
Ават ауылындағы тозығы жеткен аурухананың жайы, су тапшылығы салдарынан мал азығын дайындаудағы қиындықтар, аудан орталығындағы көпқабатты үйлерге әлі күнге газдың тартылмауы, «бармақ басты, көз қыстылықпен» жер ала алмай жүрмін деген тұрғындардың назы, тұрғын үй кезегінде жылдар бойы тұрса да, баспанаға қол жеткізе алмаған жандардың жанайқайы да осы жиында айтылды. Аймақ басшысы әр мәселе бойынша мұқият жауап беріп, құзырлы орындарға әр сұрақ бойынша жұмыс істелуін тапсырды.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Шонжы ауылындағы №3 Илья Молутов атындағы орта мектепте жалғасты. 1975 жылы салынған, әлі күнге күрделі жөндеу көрмеген мектептің жайын көрді. Ескірген ғимараттың жай-жапсарымен танысты. Осы жерде Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев төменгі аймақтың суару желілерінің, арасан учаскесінде пайда болатын ағынды су проблемаларымен, шегендеу мәселелері, дренаждық желілерді тазарту бойынша жұмысты жалғастыру, тау аймақтарында шағын су қоймаларын салу, «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміндегі суару арналарын «Алматы водхоз» мекемесінің иелігіне өткізу сынды өзекті мәселелерді хабарлап, облыс башысынан осы проблемаларды шешуде қолдау көрсетуін сұрады.
Аудандағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен Мәдениет үйі Шарын ауылында орналасқан. Одақ кезінде миллионер ұжымшар атанған Свордловта ауданда жоқ Мәдениет үйі салынған еді. Бұл ауылдан Социалистік еңбек ері де шыққан. Бүгінгі күнде де бұл ауыл шаруашылығы дамыған, ең мықты округтердің қатарында. Десе де Мәдениет үйінің жайы жылдар бойы шешілмей келеді. 2010 жылы күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Бірақ мердігердің жауапсыздығы салдарынан жұмыс аяқсыз қалған. Облыс басшысы дәл осы Мәдениет үйіне барып, танысты. 600 орынды Мәдениет үйі жөндеу көрмей, жетім баланың күйін кешкен. Ауылдағы 6 бірдей мәдениет қызметкері аядай бөлмеде отыр. Осының бәрін көзімен көрген Марат Елеусізұлы мәселенің оң шешілуіне қолдау көрсететінін айтты. Мұнан соң Шарын ауылындағы Хамраев атындағы орта мектепке атбасын бұрды. Бір жақ ғимараты сызат беріп, қабырғалары жарылып, іргетасы сызат беріп отырған мектептің мәселесін де шешу кезек күттірмейтін жайт. Күніне 25-30 адамға дейін қабылдап, ем-дом жасап отырған ауылдағы аурухананың жайы да мүшкіл. Күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық құжаты жасалған. Құны –2,4 млрд теңге. Бұл өте қомақты қаражат. Бөлінуі де екіталай. Сондықтан ескірген ғимаратты жөндеп, жамап-жасқағаннан жаңа заманауи ғимарат салу ісі қолға алынса деген ұсыныс айтылды. Аурухананың жайымен де жіті танысқан облыс әкімі бұл мәеленің де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ауылдағы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барынша қолдау көрсететінін, мәселенің оң шешілуіне ықпал етітінін айтты.
Қарадалаға келген жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев халықтың өтініш-пікірін, ұсыныстарын, аманатын арқалап қайтты. Елдің ішіндегі бүкпесіз шындығын тыңдады. Шаруалардың жанайқайын естіді. Жұрттың өзіне деген ыстық ықыласын да сезінді. «Әкім болу – халыққа жақын болу» екенін ұғынған облыс басшысы әлі де халықпен ашық кездесулер өткізіп, аманатқа қиянат жасалмайтынын айтып, халықпен жылы қоштасты. Әкімнің еңбегі – халықтың аманатымен өлшенсе керек-ті. Ендеше, Қарадаланың халқы облыс басшысының да аманатқа адалдығын асыға күтпек.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы