Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ерлікке тағзым, тарихқа құрмет

Ерлікке тағзым, тарихқа құрмет

25 қаралым

Белгілі жазушы, этнограф, өлкетанушы Нұрлан Сәрсенбаевтың Алматы қаласындағы «Үш Қиян» баспасынан «Райымбек батырдың ақ атаны» (тарихи роман), «Арғы атам Райымбек қол бастаған» (монография), «Мұқағали мәртебесі» (монография) атты үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ат құлағында ойнаған Ұлы дала көшпенділері талай-талай ғасырды бастан кешіріп, ұлан-байтақ атамекенін жаудан қорғап, ірі-ірі кескілескен шайқастар мен жорық жолында жанкештілікпен күресіп, түрік тілдес халықтардың басын біріктіріп, мемлекет құрған ерліктері тарих бетінде таңбаланып, алтын әріппен жазылып қалды. Қазақ тарихында ілгері-кейінді «Ұлытау шайқасы», «Орбұлақ шайқасы», «Аягөз шайқасы», «Бұланты шайқасы», «Аңырақай шайқасы», «Ойрантөбе шайқасы» сияқты атышулы шайқастар болған.

Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырды «Батырлық ғасыры» деп тектен-тек айтпаған. Сол заманда атқа қонып, қол бастаған Райымбек Түкеұлы – ел азаттығы үшін Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Керей, Жәнібек және басқа да батырлар сияқты жоңғарларға қарсы күрескен даңқты қолбасшы. Аты аңызға айналған тарихи тұлға.
Райымбек батырдың жорығына байланысты аңыз-әңгіме, шежірелік деректерге назар аударсақ, Торайғыр мен Сөгеті тауларының арасындағы Көкпекті жазығында шамамен 1750 жылдары Райымбек қосыны өзінен бірнеше есе көп жоңғар ханы Секердің қалың қолымен өліспей-беріспей шайқасады. Бұл соғыста екі жақтан да көп әскер шығын болып, қаза тапқандар төбе-төбе болып үйіледі. Секер ханның қосыны тас-талқан болып жеңіледі. Тарихта атышулы шайқас болған бұл жерді халық «Ойрантөбе» деп атап кеткен. Бұл өңірде «Көкпектің жазығы»,«Қалмақ асуы», «Аяққалқан», «Қызыл қайнар» деген тарихи жер аттары кездеседі.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Ойрантөбе шайқасы туралы: «Райымбек қол астындағы қалың топты Іле суынан аман алып өтіп, жауын жеңген. Оның бұдан кейінгі ерлігі көрінген Торайғыр мен Сөгеті тауының аралығындағы Көкпекті жазығында жоңғарлармен соғысқан жері Ойрантөбе деп аталады. Торайғыр тауының Айырлы асуынан 6 км жерде Райымбек бастауы бар. Ел аузындағы аңызға қарағанда, жоңғарлар қоршауында қалған әскерін Райымбек батыр осы таудан өзі қазған бұлағы арқылы шөлден құтқарыпты» («Киелі жолдың иесі – Райымбек…»,«АSPAN» баспасы, Алматы, 2021 жыл, 23-24-беттер), – дейді.
Райымбек бабасы Сырымбет би, атасы Қангелді батырдың жауынгерлік жолын жалғастырған. Ел ішінде кеңінен таралған өлеңдердің бірінде:
«Ойрантөбе ойылды,
Секер, Барақ жойылды.
Райымбек келді де,
Алмадай үзді мойынды»,
– деген жыр жолдарынан қалмақтардың зар жылағанын аңғарамыз.
Райымбек Түкеұлы Алматы өңірінің шұрайлы жерін басып алған Қорын, Секер, Ағанас, Арыс, Төре хан секілді жоңғардың бес ханымен кескілескен қанды шайқас жасап, ата жауын қазақ жерінен тазартып, ел азаттығы үшін өмір бойы күресіп өтті. Райымбек – даңқы алты Алашқа кеткен батыр, аты аңызға айналған мемлекет қайраткері, шебер дипломат, «әулие», «көріпкел» деген қасиеттерге ие парасатты жан. Ол – бір тайпа мен бір аймақтың ғана батыры емес, еліміздің атақ-даңқын асқақтатқан аруақты тұлға. Оның ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігі халық жүрегінде мәңгі сақталып қалған, қазіргі ұрпақтарға үлгі-өнеге болатын таусылмайтын хикая.
Халқымызда «Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Сол үшін қаламгердің еңбегіне әділ баға беру, бүгінгі шыққан биігін көрсетіп айту, ұлттық құндылықты жаңғыртуға қосқан үлесін таразылау – біздің бас тартпас парызымыз. Автордың «Райымбек батырдың ақ атаны», «Арғы атам Райымбек қол бастаған» атты екі томдық шығармалар жинағы – көп жылғы қажырлы ізденістің жемісі әрі ұлы тұлға Райымбекті танудағы құнды да, іргелі еңбек. Жинақтап айтқанда, Н. Сәрсенбаевтың Райымбек Түкеұлы туралы жазған екі томдық еңбегі Үйсіннің тарих-шежіресін, салт-дәстүрін, соның ішінде аңызға бергісіз ғұмыр кешкен Райымбектей ұлы тұлғаның өмір жолы мен ерлігін зерттеу мен тануға қосылған кесек еңбек деп бағалауға болады.
Аталған Райымбек батыр туралы қос томдық шығармалар жинағына ақын-драматург,«Отан» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин «Алашқа даңқы кеткен…» атты алғысөз жазды.
«Менің алдымда баспаға дайын­даған белгілі жазушы, табанды зерттеуші, тарихқа жүйрік шежіреші, әдебиеттанушы Нұрлан Сәрсенбаевтың есімі ел жадына бекіп, ғасырлар қойнауында қалған ұлы оқиғаларға өзінің қайталанбас ерлігімен жан бітірер «ақиқаты аңызға айналған» Алаштың атақты перзенті, қазақтың дара бітімді ұлы батыры – Райымбек Түкеұлы туралы жазылған екі томдық қолжазба кітабы тұр.
Райымбектей ұлы тұлға туралы бел буып еңбек жазу үшін кез келген қаламгер тәуекелге бара бермейді. Нұрлан – тиянақты зерттеуші, қалам қуаты ысылған, шекараның арғы беті мен бергі бетіне есімі танымал жазушы, этнограф. Белгілі қаламгердің әр жылдарда жарық көрген «Жұмбақ тас», «Көдек ақын», «Ататек жалғаған – алтын шынжыр», «Ғасырлар суыртпағы», «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті», «Мұқағали керуені» және тағы басқа кітаптардың авторы екенін жақсы білетінмін. Қытай қазақтарынан шыққан беделді ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов, Жақып Мырзахановтар Нұрлан Сәрсенбаев еңбектері мен шығармаларына жоғары баға берген.
Екі томдық еңбектің бірінші кітабы – «Райымбек батырдың ақ атаны» атты тарихи роман. Роман сегіз тараудан тұрады. Қас батырдың кіндік қаны тамып, дүниеге келген қасиетті Алатау, Жетісу өлкесінің киелі топырағы, бабасы Сырымбет би, атасы Қангелді батырдан жалғасқан ел мен жерді қорғау жолындағы ерліктері туралы оқиғалардан сыр шертеді. Алашқа аты әйгілі батырдың Қорын, Секер, Ағанас, Арыс, Төре хан секілді жоңғардың хан-батырларын жекпе-жекте жеңіп, атажұртын басқыншылардан қалай азат еткені нанымды, көркем суреттеледі. Дәуір тынысы мен өмір шындығы бар.
Екінші кітап – «Арғы атам Райымбек қол бастаған» атты көлемді монографиялық зерттеу. Бұл кітап «Құпиясы мол тарих», «Аты аңызға айналған адам», «Аңыз бен ақиқат», «Алтын сандық», «Шежіре және дәстүр», «Қайраткерлер», «Шежіре шерткен сыр» секілді жеті бөлімнен құралады.
Зерделі зерттеуші бұл еңбегінде Райымбек батырдың ататек шежіресі мен бабасы Сырымбет би, атасы Қангелді батыр, Әлмерек би, Қарақұл батыр және тағы басқа тарихи тұлғалармен сабақтастыра отырып зерттейді. Райымбектің ел мен жердің тұтастығы үшін күрескерлік ерлігі, қолбасшылық шеберлігі, әулиелігі, көріпкелдігі туралы халық арасына тараған алуан түрлі аңыз-әңгімелер мен шежірелік деректерді, өлең-жырлар мен батырлық эпостарды орнымен пайдалана отырып, райымбектанудың жаңа жарқын беттері мен тарауларын жүйелі түрде сабақтастыра отырып сәтті өрген. Тарихи, тағылымдық, ғылыми сипат беруге ұмтылған.
Автор аңыздар төркінінде жатқан тарихи ақиқаттарды ашу үшін аянбай тер төккені көрініп тұр. Әрине, әр зерттеушінің өз көзқарасы, өз танымы, өз түйіні болады. Бұл – даусыз әңгіме. Сәрсенбаевтың оқырман көпшіліктің талқысына ұсынып отырған «Райымбек батырдың ақ атаны», «Арғы атам Райымбек қол бастаған» атты екі томдық шығармалар жинағы көп жылғы қажырлы ізденістің жемісі екені шүбәсіз…», – деп Нұрлан Оразалин автордың еңбегіне жан-жақты бағасын береді.
«Мұқағали мәртебесі» атты томға республикалық «Ақиқат» ұлттық қоғам­­дық-саяси журналының бас редак­торы, жазушы-публицист Дәуіржан Төлебаев пікір білдіріп, ­жазу­шының мұқағалитану бағытын­дағы ізденістерін атап өткен.
Ал енді аталған үш томдық еңбектің авторының ізденіс жолы мен қысқаша өмірбаянына атбасын бұра кетелік. Нұрлан Тоқтасынұлы 1962 жылы ҚХР Шыңжан Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Ақдала ауылында дүниеге келген. 1980-1982 жылдары Іле педагогикалық техникумында оқып, туған жерінде оқытушы болған. Бұдан кейін Іле оқу-ағарту институтының физика-математика факультетінде білім алып, матаматика мамандығын тәмамдаған. Аудандық оқу-ағарту мекемесінде жұмыс істеген. 2004- 2016 жылдары Іле Қазақ автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінің тарихи материалдар комитетінде «Іле тарихи материалдары» атты альманахтың жауапты редакторы сынды қызметтерді атқарған.
Нұрлан Сәрсенбаевтың «Жұмбақ тас», «Көдек ақын», «Ататек жалғаған – алтын шынжыр», «Ғасырлар суыртпағы», «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті», «Мұқағали керуені», «Ата тарих сөйлесін» атты 10-нан аса кітабы баспадан шықты. Жазушының құрастыруымен «Көдек шығармалары», «Ақын Қойдым» сынды 30-дан астам кітабы жарық көрген.
Қарымды қаламгердің зерттеу мақалалары бірнеше кітапқа таңдалып енгізілген. 2016 жылы ақпан айында қаламгердің «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті» атты кітабы Қытайда 47 ұлт қатысқан конкурста «Іле әдебиет-көркемөнер» сыйлығын еншілесе, М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойында «Ұлт рухының ұлы суреткері» атты мақаласы арнайы жүлдеге ие болды. Ақиық ақынның 95 жылдық мерейтойына орай «Мұқағали Мақатаев» құрмет медалімен марапаталды. Қазақстан Жазушылар одағының, Шыңжан Жазушылар қоғамының, Шыңжаң Қазақ мәдениет қоғамының, Іле облыстық Жазушылар қоғамының мүшесі.

Кенже ОРАЗАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі