Бала күнінен қазақша сөйлеп өскен Вера Плетнеева бүгінде мемлекеттік тілге деген құрметін нақты ісімен көрсетіп жүр. Этнос өкілі болса да, оның қазақ тіліне деген қызығушылығы мен ықыласы көпке үлгі, өзгелерге өнеге.
Ауылдағы күнделікті тіршілік, қатар-құрбыларының әңгімесі, үлкендердің өзара қарым-қатынасы – бәрі де оның қазақ тілін еркін меңгеруіне табиғи орта қалыптастырды. Үйде ата-анасымен қазақша да, орысша да араласып сөйлесіп өсті. Ал 2007 жылы ата-анасының Вераны қазақ мектебіне беруі оның тілге деген танымын одан әрі тереңдете түсті. Қазақ тілінде білім алу оған қиындық келтірген жоқ. Керісінше, күнделікті құлағына сіңген сөздерді мектеп қабырғасында сауатты түрде танып, олардың мағынасын тереңірек ұғына бастады.
Кейіпкеріміз қазақ тілінің қыр-сырына үңілген сайын түсініксіз сөздер де кездескенін айтады. Әсіресе көне сөздерді санасына сіңіру алғашында оған оңай болмаған. Бірақ Вера оны қиындық деп емес, қазақ тілінің тағы бір қызық әлемі деп қабылдауы арқылы жетік танып білген. Қазір де бұрын естімеген қазақша сөз құлағына шалынса, оның мағынасын білгісі келіп ізденетінін айтты. Әсіресе салт-дәстүрге қатысты сөздерге қызығушылығы ерекше. Қалың мал, шілдехана, көрімдік, ырыс секілді сөздердің астарына үңілген сайын, тілдің өзімен бірге халықтың тұрмыс-тіршілігін де танығандай болатынын да сөзіне қосты.
Вера қазақ тілін меңгерген сайын қазақ халқының салт-дәстүріне де жаңаша қарай бастағанын айтады. Бала кезінен көріп, араласып өскен дүниелерінің мәніне тереңірек үңілген. Үйінде де қазақтың кейбір салт-дәстүрлері сақталғанын есейгенде байқаған.
Бүгінде Вера Плетнеева тілге деген құрметін сөзбен ғана емес, күнделікті ісімен де көрсетіп жүр. Қоғам белсендісі ретінде өзі жұмыс істейтін облыстық «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-де мемлекеттік тілді үйрету бағытындағы жұмыстарға атсалысады. Орталықта мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылған. Қазір әр деңгейдегі төрт топта 56 тыңдаушы қазақ тілін үйреніп жүр. Біреулер үшін бұл алғашқы қадам болса, енді бірі бұрыннан білетін тілін жетілдіруде. Осындай ортада қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, өзге этнос өкілдерін де мемлекеттік тілді үйренуге жігерлендіріп, үлгі көрсетіп жүрген Вераның орны айрықша. Ол қазақ тілін үйренгісі келіп, бірақ сөйлеуге қысылатын адамдарды түсіне білетінін тілге тиек етті. Өйткені тіл үйренудің алғашқы кезінде қате айту, сөз таба алмай қалу әркімнің басынан өтеді. Оның ойынша, одан қорқудың қажеті жоқ.
Вера Владимировна бүгінгі таңда тіл үйренуге мүмкіндіктің де аз еместігін айтады. Жасанды интеллект дәуірінде тіл үйренуге арналған түрлі платформа барын сөзіне қосып, адамның өзінде ниет болса, алынбас қамал жоқ екенін айтады. Вера үшін мемлекеттік тілді білу – адамдармен жақындасудың бірден-бір жолы. Сондықтан ол айналасындағы өзге этнос өкілдерін де қазақша үйренуге шақырып, қолынан келгенше қолдау көрсетуге тырысуда. Ал өзінің қазақ тіліне деген құрметі күнделікті сөйлеген сөзінен, қазақы ортаға деген ықыласынан, салт-дәстүрдің мағынасын білуге деген қызығушылығынан анық көрінеді.
Өз тілшіміз