Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Цифрлық елге айналуды мақсат еткен ел үшін бұл – стратегиялық жоспарды орындауға деген нақты қадам. Қазір өңірлерде осы бағытта қарқынды жобалар жүзеге асып жатыр.
Облыс орталығы енді технологиялық кәсіпкерліктің жаңа ошағына айналмақ. Қонаевтықтар небәрі үш айдың ішінде жеке IT-стартабын құрып, нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін Startup Orda жобасына қатыса алады. Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» орталығында Startup Orda бағдарламасының ресми ашылуы өткізілді. Іс-шараға аймақтағы стартап жобаларын жүзеге асырып жатқан жас кәсіпкерлер, IT-мамандар, студенттер және инновациялық жобалардың өкілдері қатысты.
Игі бастамада сөз алған спикерлер технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, жастардың инновациялық бастамаларын қолдау және өңірде жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ цифрлық дағдыларды жетілдіру мен технологиялық жобаларды одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.
Ресми бөлімнен кейін қатысушыларға Startup Orda бағдарламасының толық таныстырылымы ұсынылды. Жоба авторлары оқу кезеңдерімен, бағдарлама форматы және жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен танысып, келесі кезеңдерге өту талаптары туралы мағлұмат алды. Кездесу барысында қатысушылар ұйымдастырушыларға сұрақтарын қойып, өз жобалары бойынша қажетті ақпараттарға ие болды. «Жобаның басты ерекшелігі – қатысушылардан дайын бизнес немесе терең білім талап етілмейді. 16 жастан асқан кез келген азамат өзінің креативті идеясымен келіп, нөлден бастап кәсіпкерлік дағдыларды меңгере алады. Бағдарлама аясында жас мамандар практикалық жұмысқа басымдық беріп, өнімнің алғашқы нұсқасын (MVP) әзірлеуді, бизнес-модель құруды және тәжірибелі сарапшылармен (трекерлермен) тығыз байланыста жұмыс істеуді үйренеді. Жобаның негізгі мақсаты – стартап-жобаларды қолдау, жастардың кәсіпкерлік және инновациялық бастамаларын дамыту, сондай-ақ өңірдегі стартап экожүйесін нығайту», – дейді Alatau Hub менеджері Сергей Шипулин.
Startup Orda бағдарламасының Алматы облысында ашылуы өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және жас кәсіпкерлердің инновациялық идеяларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік бермек.
Ерзат АСЫЛ


