Ананың сүтімен бойға дарыған туған тілді құрметтеу – ең қымбат, ең асыл қасиеттердің бірі. Әрбір азамат өз ана тілін құрметтеп, оның мәртебесін биік ұстауға міндетті.
Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай Балқаш аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлттың жаны» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шараға Балқаш ауданының Құрметті азаматы, үздік өлкетанушы, тіл жанашыры Зәуреш Демеуқұл, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Сәлімжан, аудандық «Балқаш өңірі» газетінің қызметкері, тіл жанашыры Бақтығали Дәуітбай, әуесқой ақын, сазгер Жанна Нақақызы, Бақанас мектеп-интернатының оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Шарада мектеп оқушылары ана тілі туралы өлең-жырдан шашу шашып, мемлекеттік тіл төңірегінде ойларын ортаға салды. Ана тілінің қазіргі қоғамдағы орны қандай? Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын қалай кеңейтеміз? Өзге тілді білу – заман талабы, ал өз тілін білу – парыз дегенді қалай түсінесіз? Осы сынды өзекті сауалдар аясында еркін пікір алмасты. Қатысушылар тілдің тазалығы мен сөйлеу мәдениеті, жастардың қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлеуі, әлеуметтік желілердегі қазақтілді сапалы контенттің маңызы, жаһандану мен көптілділік жағдайында ана тілін сақтап қалудың тиімді жолдары туралы кеңінен әңгімеледі. Әлемдегі бай тілдердің ішінде ойып орын алатын қазақ тілінің құдіреттілігі жайында сыр шертілді.
Сергіту сәтінде «Жалғасын тап!» айдарымен мақал-мәтелдер оқылып, ойындар ойнатылды. «Тіл – асыл мұра» атты тақырыпта кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жүргізілді. Тіл мерекесіне орай Балқаш аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулет Шайбаевтың Алғыс хатымен үздік өлкетанушы Зәуреш Жұмағалиқызы, әуесқой ақын, сазгер Жанна Нақақызы, Бақанас мектеп-интернатының озат оқушылары марапатталды.
Алтынай Сымылтырова,
Балқаш аудандық кітапханасының
библиографы