Жамбыл ауданында, Суықтөбе тауының етегіндегі аядай ғана Қастек ауылында бас киім тігетін шағын өндіріс орны бар. «Нұрлан» жеке кәсіпкерлігінің тігін цехында бүгінде 20-ға жуық адам еңбек етеді.
Мұнда табиғи таза былғары мен иін қандыра өңделген күдеріден әдемі бас киімдер тігіледі. Аталған кәсіпорын 2020 жылдан бастап ресми тіркеліп, жұмысын жүргізуде. Ең алдымен бұл кәсіпті Нұрланның әкесі Ерқайрат қолға алған. Ол 90-жылдардағы өтпелі кезеңде күзен терісінен жасаған бұйымдарын Алматы базарларында саудалап жүрді.
Өндіріс орындары тоқтап, елде жаппай жұмыссыздық белең алған тұста Ерқайрат отбасын асыраудың амалын іздеді. Өйткені адамдардың санасына «өкімет өлтірмейді, жұмыс тауып береді» деген сенімді 70 жыл бойына сыналай сіңірген кеңестік заманның енді келместің кемесіне мықтап мінгенін ол жақсы түсінді. Түсінді де, қолынан келетін іспен айналысуды ойлады. Ал күзен терісі қашаннан-ақ бағалы. Бәрі бірден бола қойған жоқ, әрине. Алғашқы кездері адасу, қателесу, алдану сияқты сәтсіздіктер орын алды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бірте-бірте бас киім тігуді жетік меңгеріп, тауарлары сұранысқа ие болды. Дайын өнімді өткізудің жолын тапты. Жылдар өте жеке бизнестің қыры мен сырына қаныға түсті.
Жиырма жылдан астам уақыт бойына шұғылданған кәсібіне әбден машықтанған ауыл азаматы шеберлігін шыңдап, мол тәжірибе жинақтады. Одан соң бұл істі баласы Нұрланға тапсырды. Әкесінен барлық білімі мен дағдыларын үйренген ол кәсіпкер жолын сәтті жалғастырды.
Жас кәсіпкер 2018 жылы ауылдан екі цехы бар үлкен коттедж тұрғызды. Өндіріс орнындағы құрал-жабдықтарды заманға сай жаңарту үшін «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамынан несие алды. Онда «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 14,75 пайыздық мөлшерлеме субсидияланды және «Даму» қорының кепілдігі берілді. Көлемі кеңейген цехта былғары және күдері бұйымдары, күзен терісінен жасалған бас киімдер тігіледі. Өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне саудалануда.
Осы орайда, күдерінің не екенін айта кеткен артық етпес. Күдері – жұмсақ етіп, ерекше тәсілмен өңделген терінің бір түрі. Әбден иі қанып, жұмсартылып, бұғы, бұзау, елік, басқа да жануар терілерінен иленеді. Ол өте төзімді болады. Ақтамберді жырау: «Күдеріден бау тағып, Ақ кіреуке киер ме екенбіз?!» – деген тіркесті текке айтпаса керек. Кіреуке – металл шығыршықтардан өрілген торлы сауыт. Демек, сауытқа бауды күдеріден таққан. Күдері әртүрлі түске боялады. Одан сырт киім, аяқкиім, қолғап та тігіледі.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы