Перейти к содержимому

Жамбылдықтар жеңісі

25 қаралым

Қырғыз елінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан елге жеңіспен қайтып келе жатқан спортшы­лардың бір тобын Жамбыл ауданының жұртшылығы сән-салтанатпен қарсы алды. Ат жарысынан үш алтын және бір күміс медаль жеңіп алған шабандоздарды «Алматы-Бішкек» күрежолының Ұзынағаш ауылы тұсында ел ағалары, өнерпаздар зор қошеметпен күтіп алып, ақ кимешекті әжелер шашу шашты.

Жүзден астам елден үш мың спортшы қатысқан халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы 32 алтын медаль жеңіп алды. Қоржынға күміс пен қола медаль да көптеп түскені белгілі. Соның ішінде ұлттық ат спорты бәсекесінде топ жарғандар да ел мерейін үстем етті. Біздің атбегілер үкілеп қосқан сәйгүліктер 21 шақырымдық аламанның алдын бермей, алғашқы жүлделі орындардың барлығын еншіледі. Топ бәйге мен құнан жарысынан да қазақ даласынан барған қылқұйрықтар мәреден бірінші келді. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталының айтуынша, ат жарыстың үш түрінен алтын медаль иеленген шабандоздардың барлығы – Жамбыл ауданынан барған жастар. Мұны жамбылдықтар үлкен мақтаныш, ұлттық спорт саласындағы мерейлі жетістік деп бағалап отыр.
Көшпенділер ойындарының топ бәйгесінде Сұраншы батыр ауылындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Нұрасыл Бекбатыр І орын алып, ел мерейін үстем етуге үлес қосты. Тақымы мықты тағы бір шабандоз – Санжар Өмекей. Ол Ұзынағаш ауылындағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектептің 5-сыныбында оқиды. Санжар Берікұлы құнан бәйгеде І орын иеленді. Сондай-ақ Тарғап ауылындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Әлижан Мансұр құнан бәйгеде ІІІ орын иеленіп, қола медальға қол жеткізді. Ат құлағында ойнаған балалардың ата-аналары, ұстаздары және бүкіл мектебі бұған қуанып, зор мақтаныш етуде.
Ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды көкте желбіреткен шабандоз балалар мен олардың жаттық­тырушыларына ардагер атбегі, Алматы облысының Құрметті азаматы Орынтай Әмірғалиев ақ тілегін арнады.
«Жас спортшыларымыз халықаралық деңгейдегі дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық спорттың мәртебесін биіктетті. Бұл жеңіс – табандылықтың, еңбекқорлықтың, батылдық пен жігердің жарқын үлгісі. Ұлттық ат спортының жалауын желбіреткен ұландарымызды айтулы жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, еліміздің абыройын асқақтатсын! Жүйріктеріміздің тұяғы мұқалмасын», – деді Орынтай Әмірғалиев.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы