Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Қаламын қадірлеген қайраткер

Қаламын қадірлеген қайраткер

113 қаралым

Сексеннің сеңгіріне шыққан белгілі қаламгер, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Райымбек, Кеген және Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы Әбілбек Айтақынов туралы сөз еткенде, өнегелі өмір жолының жарқын сәттері ойға оралады. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» дегендей, анасына ғана арқа сүйеген жігерлі жас ойы мен бойын ерте түзеді. Қияндағы кішкентай елдімекен Көміршіде жүріп-ақ орыс тілін меңгерді. Пушкинмен, Толстойлармен сырласты. Джек Лондон, Байрондармен мұңдасты. Ал ұлтының рухани мұрасын ерекше қадірледі, уыздығына жарыды.

Бір топырақтан жаралған Бердібек Соқпақбаев ағасының жазушылық даңқы інілерін арқаландырмай қойған жоқ. Ақын Еркін Ібітановтың «Қойшылар» поэмасы «құлақтан кіріп, бойды алды». Мұқағали Мақатаевтың төрт тараудан тұратын «Ильич» кітабы тереңдігімен, шеберлігімен баурады. Нарынқолдық Тельман Жанұзақов «Правда» газетінің меншікті тілшісі болды. Осындай үлгілер жастардың жүрегіне арман отын тұтатты.
1966 жылы Нарынқол ауданы Кегеннен екінші рет бөлінді. Соның арқа­­сында «Советтік шекара» газеті қайта жасақталды. Басылымның тізгінін жазушы, жоғарғы партия мекте­­бін бітірген, Мұқағалидың ұстазы, мұқалмайтын майдангер Әлнұр Мейірбеков ұстады. Ол кісінің есептеуінше, аудан газет шығаратын кадрдан тапшылық көрмеуге тиіс. Өйткені жазатындар жеткілікті. Редакцияға Қарасаз мектебінен Еркін Ібітановты алғызды. Журналистика факультетінің күндізгі бөлімін бітіріп, облыста жүрген Дәулет Желдікбаевқа «туған жерге ту тіккізді». Қарымды қаламгер Қыдырбек Нүсіпәлиев те жақсы ағаның қасынан табылды. Әлекең негізгі құрам түгенделген соң, жастарға ауысты. Әбілбек Айтақынов, Баққожа Мұқай, Айтақын Әбдіқал, Жолымбет Кейкел, Мұса Жанәділовтерді қызметке шақырды. «Жанам деген жігітке от бергенде», олар лапылдап қоя берді. Бас редактор партиялық цензураны ескерсе де, қолынан келгенше жастардың десін қайтармауға, қолын қақпауға тырысты. Шығармашылық еркіндіктің дәмін татқызды.Тіпті, тым алысқа шарықтап, қиял қанатына мінген Баққожаның: «Ол аспанға қарады. Аспанға қарады да жылағысы келді…» деп суреттеген механизатор өміріне қатысты толғаныстарын сол күйінде нөмірге жіберіп, қолдады.
– Әбілбек, жарайсың! Екпінің біз күт­кеннен де ширақ екен. Мына қалпың­мен еліміздің бас газетіне де жұмыс істей алатыныңа шүбәм жоқ. Сен біржақты ойлап қалма. «Советтік шекара» да үлкен орта. Осы жерден Мұқағали ағаң Алматыға аттанған. Бірден «Социалистік Қазақстанның» тілшісі атанды. Редколлегия мүшесі Жекен Жұмаханов ақынға зор сенім артып, кепілдік беріпті. Жақсы жол саған да жұғысты болары анық! Ендігі айтарым, өндірістен қол үзбей жүріп, журфакты бітір. Тізгінді нық ұстасаң, алынбайтын қамал жоқ, – деді бас редактор қызметкеріне мейірлене қарап.
Әбекең қамқоршы ағасының айтқан­дарын қапысыз ұқты. Журналистік әлемге жасқанбай енді. Адамтануды меңгереді. Малшымен, диқанмен, құры­лыс­шымен, механизатормен, ағарту­шымен, мемлекеттік қызметкер­лермен «жүрегінің түбіне кір жасырмай» сырласты. Солардың көркем образын өрнектеуге машықтанды. Қаламгерлік мектептің қазынасына кенелді. Ұзамай ол бас редактордың орынбасары болып жоғарылады. Бұл – жиырманың ішіндегі жігіт үшін аз олжа емес еді.
Әбілбек Айтақынұлының қарымы мен дарыны биліктің назарынан да тыс қалмапты. Оны Нарынқол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Стамшал Дастихунов қабылдауына шақырды.
–Жолдас, Айтақынов, өзіңді жур­налист ретінде толық таныттың. Жазған­дарыңды тұшынып оқимыз. Ұжымдағы ұйымдастырушылық қабілетіңді де көріп отырмыз. Бұл – нәтиже! Жақсы нәтиже газет жұмысына ғана емес, мемлекеттік қызметке де керек, – деді аудан басшысы.
– Сенімдеріңіз мен үшін мәртебе мен күш. Дегенмен, бас редактормен ақылдасуға мүмкіндік берсеңіз, – деді Әбілбек.
– Оны ойластырдық. Әрбір коммунист елге керек ұйғарымды қолдауға тиіс. Бас редактор да солай етті. «Советтік шекара» – біздің мақтанышымыз. Бүкілодақта алдыңғы орыннан көрі­ніп, Мария Ульянова атындағы сыйлық­тың лауреаты атанды. Ортақ табыста сенің де үлесің бар. Сондықтан жас­тық жігеріңді адал бәсекенің майда­нына арнаудан танба. Басшылық құрам ақылдаса келіп, сені аудандық комсомол кометінің екінші хатшысы етуге ұйғардық. Комсомол комитетінің кезекті конференциясында кандидатураңды ұсынамыз. Сенімге селкеу түсірмесең, әрі қарай өсесің. Бірінші хатшы болуға үмітің үлкен. Жиналысқа дұрыстап дайындал. Қарсылық қабылданбайды, – деп Стамшал Дастихунов Әбекеңді қолтықтап есікке беттеді.
Әбекеңнің Көмірші мектебінде аз-кем пионерлер жетекшісі атанғаны бар. Одан кейін көргені – «Советтік шекара». Шығармашылық бағыттан басқаны ойлаған емес. Енді, міне, сондай жанға партия салмақ салып, жауапкершілікті арқалатты. Енді теория мен практиканы шеберлікпен түйістіруге тиіс. Осынау сындарлы шақтарда ол шаршауды ұмытқандай берілген қызметке бар ынтасымен кірісті. Тың идеялармен қаруланды. Аудан жастарын айналасына топтастырып, артынан ертті. Аудан басшылары кадр таңдаудан жаңылыспағанына қуанды. Ұзамай комсомолдардың кезекті өңірлік конференциясында Әбілбек Айтақынов жастар ұйымының бірінші хатшысы және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып ілгеріледі.
Мәскеудің сол кездегі пәрмені қатты еді. Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу туралы ұран тастады. Оны Семей облысындағы шұбартаулық жастарға қолдатты. Сөйтіп республикада комсомол жастар бригадалары құрылып, сап түзеді. Ұжымдасып қой бағу қазақ тұрмысының практикасында бұрын болған емес. Оның жаңа тұрпатты тиімділігіне сендіру, көз жеткізіп көндіру оңайға соққан жоқ. Әбілбектің іскерлігі мен беделі таразыға түсті.
Ауданда 33 бригада құрылды. Бұл – 330-дан астам қыз-жігітті мал шаруашы­лының резервіне топтастыру деген сөз. Сонымен қатар оларға екі жылдан соң жоғары оқу орнына жолдама беру, студент болуға дайындау кепілдігін жастар жетекшісі өз мойнына алды. Бригадаларда жеткілікті қоры бар кітапханалар жасақталды. Қарайып қалмасын, талапты ерлердің тауы шағыл­масын деп барын салып жанұшырды. Кейін қой баққан комсомолдардың ішінен шаруашылықты өркендететін небір білікті мамандар шығып, өсіп-жетілді.
– Бригаданың құрамында болған бір ғана Игерді Байғұловты мысалға алсақ, талай нәрсені аңғаруға болады. Игерді бүгінгі таңда өндірісін жаңа заманға сай дамытқан фермер атанып отыр, – дейді Әбекең.
Комсомолдағы жалындаған өмір Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіне ұласты. Аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Төрт аяғы тағаланған тұлпарды еңбек жарысының барлық аламанына ұялмай қосуға болады. Өңір басшысы Шахман Есенаманов Әбекеңді құшақ жая қарсы алып, «дала академигі» атанған Нүсіпбек Әшімбаевқа үзеңгілес етуді ұйғарды. Ленин атындағы ұжым­шар экономикасы мәдениетіне сай, үнемі алдыңғы орыннан бой көрсететін іргелі шаруашылық еді.
Төраға Нүсіпбек Әшімбаев пен бастауыш партия комитетінің хатшысы Әбілбек Айтақынов тізе қосып жұмыс жүргізгенде шаруашылық ерекше дүркіреді. Сексенінші жылдың ортасында КСРО бойынша жарыс жеңімпазы мәртебесіне қол жеткізді. Ауыспалы қызыл ту сарыбастаулықтардың қолында желбіреді. Сол арқылы облыс пен ауданның атақ-даңқын асқақтатты. Нәтиже­сінде шаруашылық басшысы Социалистік Еңбек Ері атанды. Әбілбек Айтақынов «Құрмет белгісі» орденімен ұлықталды. Сол заманның көзімен қарасақ, сирек берілетін мұндай марапат­тар еңбегі еленген жандардың нағыз жетістігі еді!
Өмір-өзеннің ағысы бөлек қой. Компартия өзінің сертке берік сарбазы Әбілбек Айтақыновты Шелек ауданына жұмсады. Масақ ауылдық кеңесін басқаруды тапсырды. Мал бағумен көзін ашқан аспантаудың тумасы енді темекі жапырағын өсіретін, көкөніс пен жеміс-жидекке маманданған шаруа­шылықтың бел ортасынан бір-ақ шықты. Мұндағы жергілікті жерге тән дәстүрлер Нарынқолдан өзгешелеу екен. Қазақ пен ұйғыр бір қолдың саласындай, бір кісінің баласындай жарасымды өмір кешуде. Ет асу мен еткеншай қатар дайындалады. Домбыра мен дутардың үні бірге жаңғырады. Әбекең «өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» екенін барынша дәлелдеді. Үлкенге ізетімен, кішіге ілтипатымен «тастай батып, судай сіңді». Бәрімен бітеқайнасты.
– Қазір де қолым қалт етсе, аттың басын Масаққа бұрамын. Олардың той-томалағы менсіз өтпейтін секілді. Бауырлардың шақыруын күткендей елеңдеп тұратыным бар. Айтпақшы, елдімекеннің аты Қазтай ауылы болып өзгерді, – дейді ризалықпен жымиып.
Аудан басшылары Әбекеңнің мемлекеттік қызметтегі іскерлігі мен тәжіри­бесіне тәнті болды. Сонымен қатар, орталарына қаламы қарымды, кеудесі дарынды үлкен журналистің қосылғанын ұқты. Шақырып келтіре алмайтын кадрдың нақ өзі. Шелек аудандық партия комитетінің бюросы бірауыздан шешім қабылдап, Әбілбек Айтақыновты қазақ және ұйғыр тілінде шығатын «Еңбек туы» газетіне бас редактор етіп бекітеді.
Редактордың шығармашылық ұжымнан аңғарғаны, журналистері қамшы салдырмайтын мықтылар екен. Жол көрсетсең жаңылмайды. Тапсырманы сапалы орындайды. Көштің басында Ескендір Рахымбайұлы тұр. Көргені көп. Білгені аз емес. Басты ерекшелігі, Украинадағы кәсіптік техникалық училищеде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған. Бір ауыз деректі бір беттік материалға айнал­дырып жіберу ол кісіге түк емес. Анарбек Бердібаев – сөзге сараң, іске мығым. Редакция бастауыш партия ұйымының хатшысы. Қуат Құдайбергенов, басынан сөз асырмайтын арқалы ақын. Жезқазғанның суығына шынығып өскендіктен бе, Шелектің қысы оған көктемдей сезіледі. Ораз Тілекеев – іскер де белсенді. Шелектің автобустары оны кездестірсе, МАИ қызметкерін көргендей арнайы тоқтап, сәлем беруді дағдыға айналдырған. Фотожурналист Баянды Зәкіров осылардың ішіндегі ең танымалы. Әкім-қаралардың өзі қасынан тастамай қалжыңдасып бірге алып жүреді. Газеттің ұйғырша нұсқасындағы бас редактордың орынбасары Алымжан Мұқадамов аудандағы өз ұлтының көсемі іспеттес. Иминжан Тохтияров – екі ұлттың ортақ шайыры. Қазақ қаламгерлерін тәржімалап ұйғырша сөйлетудің шебері. Мінездемелер осы тектес болып жалғаса береді.
Әбілбек Айтақынұлы кадрлар ахуа­лын зерделей отырып, әрқайсысының мүмкіндігіне сай тапсырмалар жүктеді. Ұжымды жаңашылдыққа ұмтылдырды. Лездемені ширатып, нөмірге шыққан материалдарды сауатты сараптауға үйретті. Жақсы мен жаманды дұрыс ажыратып, материалдың мәні мен мазмұ­нын айқын бағалауды жолға қойды. Сын мен өзара сынды өрістетті. Тың идеялар табуға құлшын­дырды. Өтімді ұсыныстары үшін ғана журналиске қомақты қаламақы қоюды қамтамасыз етті. Адал бәсекеге жол ашты. Апталық, айлық, тоқсандық жоспарларды өзекті мәселемен үйлестіруді қалыпқа түсірді. Шығармашылық жұмыстың үдерісі қатаң қадағаланды. Соның арқасында журналистер қайта түлегендей серпілді.
Ұзамай еңбектің оң нәтижелері көріне бастады. Аудандық газет орта­лық­тың назарына ілікті. «Соңғы пошта» рубрикасы бойынша сәтті шыққан нөмірлер талданып, «Социалис­тік Қазақстан» арқылы ортақ тәжіри­бе ретінде бүкіл республикаға тарады. Облыстық басылымдардың қол­дары жетпейтін межені шелектік қалам­герлердің игергені талайды тамсандырды.
«Еңбек туы» аудан әкімшілігінің ұйымдастыру жұмыстарына да белсене араласты. Мәселен, аудан ардагерлерінің ықпалымен ұлттық салт-дәстүрдің құнын арттыруға күш салды. Ішімдіксіз, салауатты өмір сүруге шақырған қариялар үндеуі қабылданды. Ол «Егемен Қазақстан» газеті арқылы еліміздің бар аймағына жолданды. Ардагерлер кеңесінің батыл қадамын қолдаған облыстық шара Шелекте өтті. Оған барлық облыстан өкілдер қатысты.
Дүниежүзі қазақатарының алғашқы құрылтайына газет тұтастай бір нөмірін арнады. Аталған басқосу Жамбыл ауданы Дегерес елдімекенінде түйінделген еді. Ондағы сәттер ұмытылмас жәдігер секілденіп «Еңбек туының» парақтарына жазылды. Осындай жұмыстардың әсері шығар, тоқсаныншы жылдардың сол бір алмағайып кезеңінің өзінде «Еңбек туының» таралымы бұрынғы биік деңгейін сақтап, облыстағы барлық әріптесіне өнеге болды. Мұны бас редак­тордың өзіндік жеңісі демеске хақымыз жоқ.
Әбекең Шелек ауданы тарап, Еңбекшіқазаққа қосылғанда өзінің қара орнынан қозғалмады. Енді мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін жалғастырды. Шелектің іргесіндегі Қаражота ауылы­ның әкімі болды. Ел-жұртқа мол пайдасын тигізді. Зейнетке шыққан соң да жергілікті билік қайраткер ағаны жұмыссыз жүргізбеді. Мәдениет саласына бас-көз болуға шақырды. Өлкетану музейін жаңа мазмұнмен толықтырғаны соның дәлелі. Он алты жылдан бері Шелек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Әбекең жастарға үйірсек, жастар да ақылшы аталарын тыңдағысы келіп тұрады. Мұндай үйлесім маңдайына жазылған жанды, сөз жоқ, бақытты адам деуге болады!
Шелектің батысындағы «Алматы – Қорғас» күрежолының бойында үлкен қорым бар. Мәңгіліктің сапарына аттанған жақсы мен жайсаңдар осында, туған жердің топырағын жамылып дамылдап жатыр. Аруақтар қатарына қосылған Әбекеңнің жары Сейсехан әпкеміз бен әскери қызмет атқарған үлкен ұлы, қазақтың сардары Данияр әке жүрегінің мәңгілік әуеніндей болып, сағыныш күйін шерткізеді.
Міне, олар аптаның кезекті жұмасын тағы да аяулы жандарына арнады. Әбекеңнің тұңғышы Динара, ұлдары – Ғабиден, Ғани, Аяттар, келіндері мен немерелері бәрі бірге келіпті. Құлпытас гүл шоқтарына көмкерілді. Ет жүрегі елжірей отырып, мағыналы ғұмырының жарасымды сәттерін есіне түсіреді.
– Қымбатты Сейсехан, алтыным Данияр! Жаратқан сендердің аманат­тарыңды жалғастырсын деп мені сексенге келтірген сияқты. Оның жауапкершілігін осылай сезінемін. Қолымнан келгенше жайқалған жапырақтарыңды аялауға тырыстым. Жатқан жерлерің жарық болсын! – деп бетін сипады. Құранның құдіретті үні бір сәт екі дүниені астастырғандай, Іленің бойын, Бақай тауының етегін жаңғыртып жатты.

Батық Мәжитұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері

↑