Перейти к содержимому

Әжелер өнегесі

35 қаралым

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Ақ әжелер» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуына орай мерейтойлық кеш өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды шара көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кеш шымылдығы театрлан­ды­рылған қойылыммен ашылды. Өнер ұжымының қалыптасу кезеңдері, өсіп-өркендеу жолы сахналық көрініс арқылы өрнектелді. Ұлттық өнердің алтын арқауын үзбей, ата дәстүрдің асыл мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан әжелердің өнері – уақыт сынынан өткен рухани қазына.
Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі Нұрлан Ертас әжелердің өнер арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауының маңызын атап өтті. Жамбыл жерінде халық шығармашылығының қайнар көзі сарқылмай, ұлттық өнердің тамыры тереңге жайылуы тегін емес. Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұраны бүгінгі күнмен жалғап отырған да – сол рухани сабақтастық. Аудан аналары ұлттық өнердің мөлдір бастауларын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақ санасына сіңіру жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Тіл мен ділді, дәстүр мен тағылымды дәріптеу ісінде олардың орны айрықша.
– Сіздердің халық әндері мен ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртудағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық, – деген аудан басшысы өнер иелеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстап, сый-сияпат көрсетті.
Жамбыл ауданында онға жуық әжелер ансамблі бар. Солардың арасында «Ақ әжелер» ансамблінің орны бөлек. Ол – ел ішінде әжелер өнерінің өрісін кеңейтіп, ұлттық фольклорды жаңғыртуға жол ашқан шығармашылық ұжымдардың ең алғашқыларының бірі.
Ансамбльдің негізін Күміс Кемелбекова 1986 жылдың наурыз айында Дегерес ауылында мұғалім болып жүрген кезінде қалаған. Өнер ұжымы содан бері ұлттық мұраны жинақтау, сақтау және насихаттау бағытында үздіксіз ізденіп келеді. Ансамбль мүшелері халық ауыз әдебиетінің көне үлгілері мен бүгінгі ән өнерін сабақтастыра отырып, ұмыт болуға айналған дәстүрлерді қайта жаңғыртуға күш салды. Ансамбль орындауындағы туындылардың Қазақ радиосының алтын қорына жазылуы – осы еңбектің елеулі нәтижелерінің бірі.


Мерейтойлық кеште облыстық Қоғамдық келісім және даму орта­лығының этномәдени бірлестіктер жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Жансұлу Башенова мен қоғамдық институттармен жұмыс жүргізу бөлі­мінің басшысы Нұрсұлтан Шораұлы да өнер иелеріне ізгі тілектерін арнады.
Шараның тағы бір тағылымды сәті – Күміс Пармашқызының ансамбль тарихына арналған «Өмірлері өнермен өрілген» атты кітабының тұсау­кесері болды. Ансамбльдің негізін қалаған, осы күнге дейін оның жұмысына жетекшілік еткен Күміс Кемелбекованың еңбегі ұшан-теңіз. Өкінішке қарай, денсаулығына байланысты ол мерейтойлық кешке қатыса алмады. Дегенмен оның еңбегі шара барысында ерекше аталып, жүрекжарды лебіздер мен ізгі тілектерге арқау болды.
Кештің көркемдік шарықтау шегі – ансамбль мүшелерінің концерттік бағ­дарламасы болды. Сахнаға шыққан 17 әже ән салып, би билеп, көрерменге кө­теріңкі көңіл-күй сыйлады. Жасы сек­сеннің сеңгірінен асқан ана­лар­дың өнерге деген құштарлығы мен сахна­дағы сергектігі көрерменді сүйсінтті. Шара соңында аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблі мерейтой иелеріне ән мен жырдан шашу шашып, құрмет көрсетті.
Осылайша «Өмірлері өнермен өрілген аналар» атты кеш бір ан­самбльдің мерейтойын атап өтумен ғана шектелген жоқ. Ол – ұлттың рухани жадын жаңғыртқан, аналар еңбегін ұлықтаған, өнер мен өнегенің өміршеңдігін тағы бір мәрте танытқан тағылымды басқосу болды.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы

↑