Перейти к содержимому

Қос нысан – қос қуаныш

40 қаралым

Жамбыл ауданының Мыңбаев және Жамбыл ауылдарында ветеринарлық қосындар іске қосылды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, облыстық ветеринариялық басқарма басшысы Бауыржан Дәрібаев, аудан әкімінің орынбасарлары Ықылас Амалбек пен Ақниет Тұматаев, жергілікті тұрғындар қатысты.
Мыңбаев ауылындағы ветеринарлық қосынның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы жиналған жұртшылықты құттықтады. Ол ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің 2-форумында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы жылы облыста 47 ветеринариялық қосынның құрылысы жүріп жатқанын, Жамбыл ауданында соның бесеуінің құрылысы аяқталғанын жеткізді.
– Жаңа пункт ветеринариялық іс-шаралар жүргізу мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға зор мүмкіндік береді. Саланы дамыту жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылуда. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасады. Ауылдық жерлерді заманауи ветеринариялық нысандармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам өңірдегі тұрақты эпизоотиялық бақылауды қамтамасыз етеді, – деді өңір басшысының орынбасары Бақытнұр Бақытұлы.
Берекелі іске Мыңбаев ауылдық округінің ардагерлер алқасының төрағасы Сағи Қойшыбаев бата берді. Жаңа нысанның ашылу лентасы қиылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Құрметті қонақтар мекеме ішін аралап көрді. Мұнда 8 маман жұмыс істейді. Бұған дейін олар ауылдық әкімшілік ғимаратының бөлмесінде орналасқан еді. Енді, міне, жұмыс істеуге барынша жағдай жасалған жайлы жұмыс орнына көшті. Олардың жүзінен қуаныш лебі есіп, өз міндеттеріне деген жауапкершіліктері де арта түскені аңғарылды. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Әбілхан Өтепұлы сала мамандарының жұмыс істеуіне қолайлы мүмкіндік жасалғаны үшін өңір басшыларына ризашылығын білдірді.
Дәл осындай қуанышты сәт Жамбыл ауылында да болды. Мұнда да модулды ветеринариялық қосын салтанатты жағдайда ашылды. Жиналған жұртшылықты облыстық ветеринариялық басқарма басшысы Бауыржан Дәрібаев құттықтап, Республика күні қарсаңында болып жатқан жақсылықтарды, саланың даму барысын тілге тиек етті. Ауыл ақсақалдарының ақ батасымен нысанның лентасы қиылды. Мерекелік шара әжелердің шашуымен, аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің ән-жырына ұласты.
Облыстық ветеринариялық басқарма басшысы Бауыржан Темірғалиұлы: «Биыл республикалық бюджеттен Алматы облысы үшін 47 ветпункт пен 26 мал қорымының құрылысына қаражат бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Келесі жылы тағы да осындай 47 қосын мен 26 мал қорымының құрылысы қолға алынады. Сөйтіп 2027 жылы ауылдық округтерді ветеринариялық ғимаратпен қамту 100 пайызға жеткізіледі. Сонымен қатар салаға былтыр облыс әкімінің қолдауымен 71 жаңа автокөлік алынып, ауылдық округтердегі қосын меңгерушілеріне тапсырылды. Осылайша ветеринарлық қосындар автокөліктері 70 пайызға жаңарды. Алдағы жылы бұл көрсеткішті де 100 пайызға жеткізу жоспарда бар», – деді.
Жамбыл ауылдық округінде төрт елдімекен бар. Ауыл халқы үшін жасалып жатқан игілікті істерге осындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Балаев ризашылығын білдірді. Жамбыл ауылдық округіндегі ветеринариялық қосын меңгерушісі Дәурен Оңғарбаевтың айтуынша, мұнда штат бойынша 12 адам жұмыс істейді. Мал дәрігерлері мұнда да ауылдық әкімшілік ғимаратының бір бөлмесінде жұмыс істеп келген еді. Енді мамандар кең де жайлы, жылы ғимаратта жұмыс істейтініне риза. Мұнда төрт бөлме бар, қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

↑