Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Газдандыру жұмысы қарқын алады

Газдандыру жұмысы қарқын алады

41 қаралым

Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан жұмыс сапарымен Алматы облысында келіп, Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесті. Министрлік тарапынан сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Отын-энергетика кешеніндегі қазіргі жағдай мен өңірді газдандыру мәселесіне тоқталды.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы аймақ 5,3 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіріп, 10,8 млрд кВтсағ электр энергиясын тұтынған. Облыстың электр мен жылу энергиясына деген қажеттілігін қуаты 664 МВт болатын Қапшағай және Мойнақ су электр стансалары қамтамасыз етеді.
Жиында вице-министр облыс аумағында электр қуатын арттыруға бағытталған бірқатар жобаға да тоқталып өтті. «2026 жылы Алатау қаласындағы бес жобаны іске асыру үшін ҚР Президентінің бастамаларына арналған резервтен 19,4 миллиард теңге бөлінді. Ынтымақ шағынауданындағы 110/10 кВ Көкпа-1 қосалқы стансасын қайта жаңартуға 18 миллиард теңге, Заречный шағынауданындағы электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жобасына 98,4 миллион теңге қаржы қарастырылды. Мұнан өзге Жаңаталап, Қоянқұс шағынаудандарындағы электрмен жабдықтау желілері мен Жетіген шағынауданындағы ыстық су қазандығын қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қоса инфрақұрылымды дамыту қорынан қосымша 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға Алатау қаласындағы Арна индустриялық аймағы мен Қонаев қаласындағы Көкшіл қосалқы стансасы салынады. Алматы облысы жаңартылатын энергия қуаты бойынша елімізде төртінші орында. Бүгінде аймақта 27 нысан 376,3 МВт қуат электр өндіреді. 2031 жылдың соңына дейін қуаты 246,24 МВт болатын 18 нысан салу жоспарлануда», – деді Бақытжан Нәссенұлы.


Жиында вице-министр облыс аумағын көгілдір отынмен қамту көрсеткішіне де тоқталды. Бүгінгі таңда газдандыру деңгейі 77,8 пайызды құрайды немесе шамамен 1,2 млн тұрғын көгілдір отынмен қамтылған. Ал 2027-2028 жылдарға екі жаңа жобаны іске асыруға 36,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 25,2 млрд теңге Шелек-Кеген-Нарынқол магистральдық газ құбырының құрылысы және 5,7 млрд теңге қаржы қарастырылған Қонаев қаласына қарасты Жаңа Іле автоматты газ тарату стансасының құрылысы сынды маңызды жобалар бар. Сондай-ақ Бақытжан Нәссенұлы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу жайын түсіндірді. Алматы облысының шаруаларына көктемгі дала жұмыстары үшін 1,4 мың тонна дизель отынын беру көзделгенін, оның бүгінде 1,1 мың тоннасы немесе жалпы көлемнің 78 пайызы жөнелтілгенін жеткізді.
Кездесуде сұйытылған мұнай-газ сату жайы да сөз болды. Бұл бағытта жергілікті жанармай құю стансаларында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін азаматтардың шағымдарына жедел жауап беру үшін облыстық және қалалық әкімдіктер жанындағы аймақтық жанармай штабтары іске қосылған. Қазір бәсекелестікті қорғау және дамыту, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер, табиғи монополияларды реттеу және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аумақтық департаменттердің қатысуымен тиісті шаралар жүзеге асып жатыр.
Басқосуда жиналған қауым өзекті мәселелерді ортаға салып, вице-министрге ұсыныстарын жеткізді. Бірқатар өңір тұрғындары электр энергиясының қуатын арттыруды сұрады. Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан мен облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрлан Өмірханов кездесуде көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
– Біз мәселелерді уақытылы шешу үшін бар күшімізді саламыз. Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Е-өтініш» электрондық жүйесі құрылғанын атап айтқым келеді. Бұл – азаматтардың өтініштерін қабылдауға және өңдеуге арналған бірыңғай платформа. Осы жүйе арқылы сұрақтар жолдай аласыздар, – деді кездесуді түйіндеген Бақытжан Нәссенұлы.
Есептік кездесуден кейін вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы

↑