Қарасай ауданына қарасты Жармұхамбет ауылында көптен күткен қуанышты оқиға болды. Ауылға жаңа ауызсу құбыры тартылып, тұрғындар таза әрі сапалы тіршілік нәріне қол жеткізді. Игі істің бітуіне арналған салтанатты шарада аудан әкімі Жасұлан Естенов алдымен жиналған көпшілікті Республика күнімен құттықтады.
Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Осы қаражатқа 51 шақырымдық су желісі тартылып, екі ұңғымасы бар резервуар салынды. Осы арқылы 1200-ден аса отбасын таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр.
Тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Атап айтқанда, жақында Қайрат және Қаратөбе ауылында осындай жоба жүзеге асырылса, алдағы уақытта Шалқар, Кемертоған елдімекендерінің тұрғындары да таза суға қол жеткізеді. Мұндай жобалардың іске асуы мемлекетіміздің дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Аталған ауызсу жүйесін пайдалануға беру жыл соңына жоспарланған. Алайда Абай Аманшаев басқаратын «Байс-А» компаниясы өз міндеттерін екі ай бұрын аяқтап, мерзімінен бұрын беріп отыр. Сондықтан мердігер компанияға алғысымызды білдіреміз, – деді аудан әкімі.
Осыдан кейін сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрамбай Махметов тұрғындарды таза су желісінің пайдалануға берілуімен құттықтап, жобаны жүзеге асырған аудан әкімдігі мен құрылысшыларға жұртшылықтың ыстық ықыласын жеткізді.
Салтанатты шара барысында Жасұлан Тоққожаұлы мен Мейрамбай Қасымбайұлы арнайы түймешені басу арқылы су желісін іске қосып, ресми ашылуын паш етті.
Жармұхамбет ауылында осыған дейін 70-ші жылдары салынған ескі ауызсу жүйесі жұмыс істеген еді, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық мекемесінің басшысы Бекзат Кәрімов. – Алайда желі ескіріп, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мүмкіндігі азайған болатын. Осыған байланысты жүйені қайта салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгіндері магистралды және абоненттік жүйе толықтай аяқталған.
«Су – өмірдің нәрі» дейді дана халқымыз. Еліміздің барлық елдімекені таза ауызсумен қамтамасыз етіліп жатса, өркендегеніміздің көрінісі осы емес пе!?
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

