Перейти к содержимому

Бабалар аманаты

29 қаралым

Республика күні – ұлттың ұлы мұратын ұлықтап, азаттықтың қадірін пайымдайтын айрықша мереке. Бұл күннің тереңіне үңілсек, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы көксеген арманы, бабалардың аманаты, ұрпақтардың үміті тоғысқанын көреміз.

Қазақтың кең даласы талай тарихтың куәсі болды. Желмен жарысқан жылқының дүбірі, ел шетіне жау тисе, найза ұстаған ерлердің рухы, шаңырағын биік, керегесін кең ұстаған халықтың даналығы – бәрі де бүгінгі азаттығымыздың рухани тамыры. Тарихтың талай сынынан сүрінбей өткен жұрт үшін ел болудың бағасы қашанда биік. Өйткені Отан дегеніміз – картадағы шекара ғана емес, ол – ата-бабаның ізі қалған қасиетті топырақ, ана әлдиі сіңген мекен, ұрпақтың үміті мен халықтың жүрегіндегі сенім. Егемендік бізге елдігімізді түгендеп, өз жолымызды таңдауға мүмкіндік берді. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті баянды игілікке айналдыру. Мемлекеттің қуаты зәулім ғимараттармен немесе құрғақ ұранмен өлшенбейді. Оның шынайы байлығы – адал еңбек еткен азаматы, білімге ұмтылған жастары, ынтымағы жарасқан жұрты мен әділетті қоғамы. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, туған жеріне титтей де болса пайдасын тигізсе, елдің еңсесі биіктей береді.
Жазушы ретінде мен ел тағдырын адам тағдырынан бөле-жара қарамаймын. Әдебиет – халықтың жады, уақыттың айнасы, ұлттың жандүниесін танытатын рухани шежіре. Қаламның міндеті – өткеннің өнегесін ұмыттырмай, бүгіннің шындығын зерделеп, ертеңге ой салу. Өйткені елдікті сақтау үшін жерді қорғау аздық етеді, рухты да сақтау қажет. Ал рухтың тірегі – тіл, тарих, мәдениет және адамдық қасиет. Бүгінгі ұрпақтың алдында жаңа заманның талабы тұр. Ғылым мен білімді игеру, ұлттық болмысты жоғалтпай өркениетке ұмтылу, ел ішіндегі татулықты бағалау – тәуелсіздіктің тұғырын бекемдейтін маңызды құндылықтар.
Осы мерейлі күні халқымызға тыныштық, әр шаңыраққа құт-береке тілеймін. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Көк байрағымыз асқақ желбіреп, Қазақстанның абыройы арта берсін. Еліміздің ертеңі еңселі, келешегі кемел болғай!

Қанат Әбілқайыр,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

↑