Перейти к содержимому

Баспана бақыты

28 қаралым

Республика күні қарсаңында Қарасай ауданының 20 отбасы көптен күткен қоныстойын тойлады. Армандаған пәтерлерінің кілтін оларға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов табыстады.

Құттықтау сөзінде Жасұлан Тоққожаұлы жаңа баспана әрбір отбасы үшін қуанышты да бақытты сәттерге толы жаңа өмірдің бастауы екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа қоныс иелеріне шаңырақтарына жылулық пен қуаныш, өсіп-өркендеу мен бақ-береке тілеп, жаңа үйлерде баланың сыңғырлаған күлкісі үзілмесін деген ізгі тілегін білдірді.
Айта кетейік, аталған 20 пәтердің бір бөлігі Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде, қалғаны Елтай ауылдық округінің аумағындағы «Елтай» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Пәтерлер республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынған. Баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтарына (ӘОТ) жататын азаматтарға арналған.
Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 13 036 азамат тұр, олардың 6 915-і әлеуметтік осал топтар санатына жатады. 2024 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж 88 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 2025 жылы 73 отбасы баспаналы болды. Ал жыл басынан бері 223 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Жыл соңына дейін тағы 46 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осылайша баспанаға мұқтаж жандардың қатары жыл санап азая түсуде.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

↑