Перейти к содержимому

Жастар үні

51 қаралым

Республика күні – бұл күнтізбедегі қызылмен белгіленген мереке ғана емес, халқымыздың тәуелсіздікке қарай жасаған тарихи қадамын, азаттыққа деген ұмтылысын еске салатын ерекше күн. Ал бүгінгі жас ұрпақ Республика күнінің тарихын қаншалықты біледі? Оның ел өміріндегі маңызын қалай түсінеді? Осы сауалдарға жауап іздеп, Қонаев қаласындағы мектеп оқушыларымен тілдестік.

Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақылбек Қазбекке «Республика күнінің тарихы туралы не білесің? 25 қазанның Қазақстан үшін маңызы неде?» деген сауал қойдық. Оның айтуын­ша, бұл күннің басты ерекшелігі Қазақстанның егемен­дікке қарай жасаған маңызды қадамында жатыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабыл­данған «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация елдің дербес даму жолын айқындауға негіз болды. Ал бұл тарихи оқиғалардың жалғасы ретінде 1991 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды.
– Сенің ойыңша, қазіргі жастар Республика күнінің мәнін қаншалықты түсінеді? Олардың тарихи білімін арттыру үшін не істеу керек?
– Жастардың тарихи санасын қалыптастыруда мектептегі біліммен қатар, отбасындағы тәрбие, қоғамдық іс-шаралар, тарихи деректі фильмдер мен танымдық кездесулердің маңызы зор. Өйткені тарихты тек оқулықтағы мәтін ретінде қабылдамай, оны елдің бүгінгі жетістіктерімен байланыстыра білгенде ғана жас ұрпақтың туған жерге деген құрметі арта түседі, – деді ол. Расында, Республика күні туралы білім тек мереке қарсаңында еске түсетін ақпарат болып қалмауы керек. Егемендіктің қандай тарихи жағдайда жарияланғанын, оның ел дамуына қалай ықпал еткенін әр азамат біліп, өткен күнге ерекше құрмет танытуы тиіс.
Қонаев қаласындағы №3 орта мектептің 11-сынып оқушысы Әлішер Мұратханмен де осы тақырып төңірегінде пікір алмастық.
– Әлішер, Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің айырмашылығын қалай түсіндіресің? Бұл екі мерекенің тарихтағы орны қандай?
– Бұл екі күннің мәнін ажырата білу үшін ел тарихына тереңірек үңілу керек. Республика күні 1990 жылғы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияның қабылдануымен байланысты болса, Тәуелсіздік күні 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауына орай белгіленген. Екі тарихи оқиға да қазіргі мемлекеттілігіміздің қалыптасуында айрықша орын алады, – деп ойын жеткізді.
Жастармен жүргізілген сауалнама олардың ел тарихынан хабардар екенін көрсетеді. Бүгінгі оқушылар – ертеңгі мамандар, ғалымдар, ұстаздар, кәсіпкерлер және ел басқару ісіне араласатын азаматтар. Сондықтан олардың тарихты білуі, ұлттық құндылықтарды құрметтеуі және мемлекеттің дамуына бейжай қарамауы ерекше маңызды. Тарихын таныған ұрпақ ел жетістігінің бағасын да тереңірек түсінеді. Республика күні – өткенді еске алып қана қоймай, бүгінгі жетістіктерге көз жүгіртіп, келешекке мақсат қоятын күн. Егемендіктің мәнін түсіну әр азаматқа ел тағдырына ортақ жауапкершілік жүктейді. Ал сол жауапкершілік жас ұрпақтың санасында орныққанда ғана тәуелсіздіктің тұғыры берік болмақ. Ендеше, 25 қазан – ел тарихындағы маңызды күнді еске алатын ғана емес, Қазақстанның өткені мен болашағын байланыстыратын мереке. Оның қадірін білу – Отан тарихын құрметтеуден, ал елге қызмет ету сол құрметті нақты іспен дәлелдеуден басталады.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

↑