Перейти к содержимому

Өзекті мәселе көтерілді

90 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында бірқатар маңызды мәселе көтерді. Оның ішінде, әрине, білім беру саласына қатысты да нақты міндеттер қойып отыр.

Білім беру саласында маңызды тақырыптың бірі – инклюзивті білім беруге Президент ерекше тоқталды. «Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде біздің мектебімізде ерекше қажеттілігі бар жиырма шақты бала білім алып жатыр. Жақында ғана мектепте арнайы кабинет ашылып, барлық керек-жарағымен жабдықталды. Дефектолог, логопед, психолог мамандар балалармен түзету-дамыту жұмыстарын бағдарламаға сай жүргізіп отыр.

Президент халыққа арнаған Жолдауында: «Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет», – дей келе маман тапшылығы мәселесін жою, ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысын да жүйелі түрде жүргізу керектігін атап өтті.

Бұл міндеттер алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетіп, балаларды сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтуға үлкен себеп болары сөзсіз. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беретін қолжетімді инклюзивті орта қалыптастыру өте маңызды.

Салтанат Рысбекқызы,

Райымбек батыр атындағы орта мектеп директоры

Еңбекшіқазақ ауданы

↑