Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту – маңызды міндет

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту – маңызды міндет

69 қаралым

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын бастамаларды жариялады. Бұл құжат – уақыттың сұранысына сай туған тарихи бағдар. Әрбір сөзінде елдің болашағына деген жауапкершілік, әрбір тұжырымында халықтың қамын ойлаған парасат жатыр.

Президентіміз ең алдымен экономиканың тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты жайлы айтты. Шағын және орта бизнестің ел өміріндегі рөлі артып келе жатқаны қуантады, бірақ өндіріс саласына бет бұру қажеттігі де баса айтылды. Бұл – халқымыздың еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, экономикамыздың шынайы тірегін қалыптастыруға бағытталған қадам. Жолдаудың ең өзекті тұстарының бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту. Мемлекет басшысы өз сөзінде озық тәжірибелерді ел аумағында кеңінен таратып, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр. Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деді ел Президенті.

Енді нақты деректерге жүгінсек, ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыс республикада 2-орында тұр. Еліміздегі бұл бағыттағы өнімнің 12,2%-ы Алматы облысына тиесілі. Оның ішінде тамақ өнеркәсібінде 284,8 млрд теңгеге дайын өнім шығарылып, нақты көлем индексі 19,1%-ға өскен. Облыста 92,1 мың гектар аймаққа су үнемдеу технологиялары енгізіліпті. Мал шаруашылығы саласында да оң серпін сақталып отыр. Облыс құс саны бойынша республикада екінші, ал ұсақ мал басына орай үшінші орынды иеленген. Еліміздегі құс етінің 27%-дан астамы өңірде шығарылады. Бұл көрсеткіштер Президент Жолдауында айтылған бастамалардың жүзеге асыруға аймақ әлеуетінің жеткілікті екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға баса мән беру қажет екенін айтты. Облысымызда мал шаруашылығына айрықша ден қойылған. Нәтижесінде төрт түлік мал басы жылдан-жылға артуда. Мұның өзі азық-түлік бағытындағы түйткілді мәселелердің оңтайлы шешім табуына жол ашуда. Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар, түрлі бағыттағы жоба-жоспарлардың тигізіп отырған ықпалы ерекше. Дегенмен, аталған саланың аяғына тұсау болып отырған өзекті мәселені айтпай кетуге болмайды. Ол – мал өнімдерін ұқсатып, пайдаға жаратуда қолбайлау болып отырған мәселе. Ол жүн мен тері, ет өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы. Сондықтан мал шаруашылығының тізгінін ұстап отырған сала алдағы уақытта мал өнімдерін өңдейтін, ұқсататын кәсіпорындарды жылдамдатып қолға алуы қажет.

Қысасы, Жолдауда экономика да, әлеуметтік әділеттілік те, ғылым-білім де, экология мен мәдениет те – бәрі бар. Бұл – тұтас елдің даму стратегиясы.

Тынышбай Досымбеков,

Алматы облысының Құрметті азаматы,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

↑