Перейти к содержимому

Ғасыр ғұмыр – мәңгілік жыр

35 қаралым

Ұлттық кітапханада Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі, белгілі журналист, жазушы, өлкетанушы Исмаилжан Иминовтің «Айтыс длиною в жизнь» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және қаламгердің жерлестері қатысты.

Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған еңбекте жыр алыбының ғасырға жуық ғұмыр жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен қамтылған. Автор кітапта Жамбылдың өнер жолындағы алғашқы қадамдарынан бастап халыққа кеңінен танылған кезеңіне дейінгі өмір белестерін баяндайды. Сондай-ақ ақынның ұстазы Сүйінбай Аронұлы, шәкірттері мен замандастары туралы көпшілікке беймәлім деректер бар. Алатаудың баурайындағы өңірдің рухани өмірі қамтылған еңбекте Жамбылдың имам Абдықадыр қари Иминовпен арадағы достығына да ерекше назар аударылған. Кітапқа тарихи құжаттар мен тағылымды тұлғалар туралы очерктер енгізілген. Ұлы ақынның өмірі мен мұрасын тереңірек танытып, өңірдің тарихы мен рухани құндылықтарын дәріптейтін құнды еңбекте ақынның есімі берілген ауданнан шыққан, сол аймақта еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азаматтар туралы да жазылған.


Әдеби кешті Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі, суретші, ақын Әуелбек Ысқақ жүргізді. Исмаилжан Иминовтің айтуынша, Жамбыл туралы кітап жазу оның бала күнінен бергі арманы болған. Бұл арманының отбасы­лық тарихпен де байланысы бар. Ұлы ақын дүниеден өткенде автордың әкесі ауыл имамы ретінде Жамбыл атамыздың жаназасын шығарған. Әкесінен естіген осы оқиға да Исмаилжан Абдықадыр­ұлының Жамбыл мұрасына деген қызығушылығын арттырып, тақырыпты терең зерттеп, ұзақ жыл бойы дерек жинауға жетелеген.
Шараға белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Надежда Лушникова, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев, Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Қуаныш Тұнғатар мен Забира Сайділдина, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі Салтанат Тезекбайқызы, «Әділет» партиясы Жамбыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділбек Қамбарұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров, «Литературный Алматы» альманахының бас редакторы Лариса Лазарева, АлмаU университетінің ректоры Асылбек Қожахметов, фило­логия және философия ғылымдарының докторы Альмира Наурызбаева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мұхаметжан Абдуллаев, мемлекет және қоғам қайраткері Марс Баталов қатысып, автордың жаңа кітабына байланысты ізгі тілектер айтылды. Шарада кітап авторына «Өлке тынысы» ЖШС мен «Огни Алатау» газеті ұжымының атынан Алғыс хат тапсырылды.
«Исмаилжан ағамыздың журналис­тік жолы «Огни Алатау» газетімен тығыз байланысты. Осыдан елу жыл бұрын алғашқы мақалалары жарық көрген газетке ол бүгінде меншікті тілші ретінде туған өлкенің тарихы мен елге еңбегі сіңген азаматтар туралы қалам тербеп келеді. Бұған дейін Шоқан Уәлиханов туралы құнды еңбек жазып, оның тұсаукесері де осы кітапханада өткен болатын. Жамбыл мұрасына арналған бұл кітабының жөні бөлек. Қаламгерге шығармашылық шабыт тілейміз. Туындылары оқырманның ыстық ықыласына бөлене берсін!» – деді «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев.
Исмаилжан Иминов өзінің жаңа еңбегі туралы: «Мен Жамбыл туралы ақиқатты айтқым келді. Ол ХХ ғасырда емес, ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында-ақ ақындығымен елге танылған. Қазақ пен қырғызға ортақ ақын ретінде мойындалды. Ал әлемдік даңқы 1936 жылы асқақтағанымен, халық құрметіне ол сонау ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарында-ақ бөленген», – деді.
Өзінің ғасырлық ғұмырында артына мәңгілік мұра қалдырған Жамбыл есімі әлі талай туындыға арқау болары анық.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

↑