Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Еңбегімен дараланған Дамир

Еңбегімен дараланған Дамир

49 қаралым

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің клубы. Бүгін мұндағы қарбалас ел шебіндегіден бір де кем емес. Санаулы сәттен соң басталатын салтанатты рәсімге сай мерекелік мундирлерін киген әскери қызметшілер орындарына жайғасып жатыр. Есесіне, тәрбиелік, идеологиялық және кадрлар жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Хандияр Әділ ғана қапылып жүр. Марапатталатын шекарашылардың алдағы шараға дайындығын тексеріп, арасында өзінің көмекшілеріне тапсырма беріп, олардың да жандарын «жай» таптырар емес…

Еліміздің Гимнімен басталған рәсімде бірінші болып сөз алған департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник А.Сладкевич жеке құрамға ҰҚК төрағасы Е.Сағымбаевтың құттықтауын жеткізген соң кезек марапатталушыларға да жеткен. Мерекелік басқосудың бай бұйдасын өз қолына ұстаған подполковник Х.Әділ:

– Шекара қызметі директорының бұйрығымен, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қалжат» шекара бөлімшесінің бастығы капитан Дамир Жақыпов «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады, – деуі мұң екен, ұзын бойлы, еңселі келген қара торы офицер орнынан тұрып, әскериге тән ширақ қимылмен департамент басшысының алдына келіп, сымша тартыла қалған… Иә, бұл – жақында ғана қазақ-қытай шекарасы арқылы көрші елдің аумағына заңсыз еніп, кері қайтқан отандасымыздың оқиға орнынан із суытуына жол бермеген офицер болатын. Негізі, Дамир өткен жылдың қарашасынан бері басқаратын «Қалжат» шекара бөлімшесінің қырағы шекарашылары жыл басынан бері шекара режімін бұзған төрт азаматты құрықтап, әкімшілік жазаға тартыпты.

– Біздің шекара бөлімшесі Қалжат ауылының шетінде тұр. Тауға апаратын жолдың бойында орналасқандықтан, бізге тұрғындармен күн сайын дерлік кездесіп, құжаттарын тексереміз. Өйткені, біз күзететін аумақта 80-ге жуық шабындық пен 10-нан астам қыстау бар. Жақында біз ұстаған ауыл тұрғыны да өзінің қорасына қайтпаған малын іздеп, көрші елдің аумағына кіріп, қайта шыққанын, оның ізіне қарап анықтадық, – дейді салтанатты рәсімнен соң бізбен сұқбаттасуға ықыластана келіскен капитан Д.Жақыпов.

…Орайы келгенде айту керек, офицер басқаратын бөлімшенің тарихы 19-шы ғасырдың сексенінші жылдарынан басталатынын біреу білсе, біреу білмес. Көрші аспанасты елімен арадағы шекараны алдымен атты казактар күзеткен деген дерек бар. Тіпті мұны екі ғасыр өтсе де қиюы қашпаған ғимараттың өзі де айтып бере алатын еді… Есесіне, мұнда шекара қызметінің есімдері аңызға айналған сардарлары қызмет атқарды. Солардың бірі, засаптағы полковник Ж.Төлебаев. Жәнібек Қошқарұлы мұнда өзінің алғашқы шекарашылық жолын бастаған. Ал Дамирдің өзі ҰҚК Шекара академиясының 2021 жылғы түлегі. Өзі Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын Жамбыл ауылынан көрінеді. Бәрінен де қызығы, мектеп бітіре салып, Алматыға жол тартып, шекарашылардың білім ұстаханасына түсіп кетуіне не түрткі болды дейсіз бе?! Қиғаш өзенінің бойында тұрған шекаралық бақылау бөлімшесінің сымша тартылған тұлғалары көз тартатын шекарашылары көрінеді.

– Дәл солай! Менің «шекарашы» мамандығын таңдауыма, жасыл күнқағарлылардың атқаратын қызметі ғана емес, олардың әскери формалары, өздері ұстасы, сабырлы жүздері магнитше тартып еді. Мен де солардай болғым келген, – дейді «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісінің су жаңа иегері күлімсіреп. Жыл сайынғы еңбек демалысымды алып, ауылыма барған сайын Қиғаштың жағасында тұрған бөлімшеге арнайы соғуды біртіндеп дәстүрге айналдырған жайым бар. Менің өмірлік мамандығымды таңдауыма дұрыс бағыт-бағдар бергені үшін…

Офицер ағынан жарылып тұр еді. Бәрінен бұрын Дамирдің ел шебіне өтіп келе жатқан өмірі «Шекарашы» журналына сұранып тұр еді. Осыны қапысыз ұққан біз офицерден шаңырағы жайлы сұрадық. Ол мүдірген жоқ. Өзінің сүйіп қосылған аяулы жары Аққайың екеуі Заңғар атты ұл мен Илигай есімді қыздың ата-анасы. Тек… Осы жерде таңданыстан тағы да қасымызды керуімізге тура келген. Біздің «Аққайың? Неге Аққайың?», – деген сауалымызға офицер асқан қарапайымдылықпен: «Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына журналистік іссапармен жолыңыз түсіп жатса, бізге міндетті түрде соққаныңызды қалар едім. Мен сізді келіншегіммен таныстырамын. Сонда осы сауалыңызды өзіне қоясыз. Келістік пе?» – деді.

Келістік. Тарихы тым тереңге кеткен «Қалжат» шекара бөлімшесінің бастығымен алда кездесіп, ел шебінің бірге аралауға, «Көктем-2026» шақырылымы сарбаздарының бір күнімен танысуға, содан кейін әрине міндетті түрде офицердің тылдағы сенімді тірегімен сұхбаттасуға келістік. Бұл деген, шекарашы журналист үшін бір ғанибет емес пе?!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑