Іле ауданында өтіп жатқан сайлау науқанына мәдениет пен өнер саласының танымал өкілдері де белсене атсалысуда. Елдің ертеңіне бейжай қарамайтын шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің
бірі — әнші Бағдат Сейіт сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Шығармашылық адамы ретінде қоғамдағы әрбір оң өзгеріс пен
мәдени-рухани дамуға ерекше мән беретін Бағдат Сейіт дауыс берудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, өнер мен медиа саласының өркендеуі, жастардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруы және туған өлкенің гүлденуі әр азаматтың саналы таңдауы мен ортақ іске деген жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Сайлау учаскесінде танымал өнер иесін учаскелік комиссия мүшелері мен жергілікті сайлаушылар жылы қарсы алды. Дауыс беру рәсімі ашық, ұйымшылдықпен және мерекелік көңіл-күйде өтті. Бағдат Сейіт өз кезегінде жерлестерін азаматтық белсенділік танытып, ел тағдыры үшін маңызды күнде шет қалмауға шақырды.
«Өнер адамы қашанда халықпен бірге болуы тиіс. Бүгінгі
сайлау — әрқайсымыздың туған жеріміздің, Іле ауданының және тұтас еліміздің болашағына қосатын нақты үлесіміз. Біз заманауи мәдениет пен өркениетті қоғам құруды қаласақ, ең алдымен өз таңдауымызды жасап, азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз керек. Сондықтан барша тұрғындарды сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақырамын», — деді әнші.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, танымал мәдениет және өнер қайраткерлерінің сайлауға қатысуы жастардың қызығушылығын арттырып, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің нығаюына оң әсерін тигізуде. Іле ауданында дауыс беру жалғасуда.

