Қарасай ауданындағы «Altamir» жиһаз фабрикасында Алматы облысындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім шаңырақтарын жиһазбен, көрнекі құралдармен және арнайы пән құрылғыларымен қамтамасыз ету мәселесіне арналған көшпелі отырыс өтті. Оған арнайы комиссия мүшелері, мектеп құрылысын жүргізетін мердігер компаниялардың жетекшілері мен білім шаңырақтарының басшылары қатысты.
Аталған шараны ұйымдастырып, жүргізіп отырған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова алдымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша өлкемізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама қабылданғанға дейін облыста 54 үшауысымды мектеп болса, бүгіндері олардың саны 39-ға кеміген. «Жайлы мектеп» бағытымен 2023 жылы 16 мектептің құрылысы басталып, оның 15-і пайдалануға берілсе, жеке инвесторлар мен мемлекеттікжекеменшік әріптестік жобасы аясында салынып жатқан білім шаңырақтарының қатары да жыл сайын артып келеді.
Алдағы уақытта жаңадан бой көтерген білім ордаларын сапалы да жайлы жиһаздармен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі мемлекеттік сатып алу талаптары бойынша конкурс арқылы ұтып алған компаниялардың ұсынған қызметтері сын көтермейтіні жасырын емес. Олар әкелген жиһаздар өте арзан болғандықтан жиі бүлініп, экологиялық, қауіпсіздік талаптарына да жауап бермейді. Осыған байланысты мектептерді сапалы жиһаздармен қамтамасыз етіп, ондағы қазақстандық мазмұнды арттыру күн тәртібіне қойылған. Сол үшін облыс әкімінің қаулысымен мектеп жиһаздарына мониторинг жүргізіп, лайықты өнімдерді таңдап алу жөнінде комиссия құрылған болатын. Аталған комиссия алдын ала Алматы мен Астана қаласындағы білім шаңырақтарының жай-күйімен танысып, өлкеміздегі жиһаз шығаратын кәсіпорын дарды аралап, ең жақсы деген үш компанияны жиынға келген жұртшылықтың назарына ұсынды. Олар – Қаскелең қаласының маңында орналасқан «Altamir» жиһаз фабрикасы, «Амраев» жеке кәсіпкерлігі және өндірісі, Талғар қаласында орын тепкен, елімізге аты мәлім «Zeta» компаниясы. Аталған кәсіпорын өнімдері өзінің сапалылығымен, жайлылығымен тұрғындардың көңілінен шығып келе жатса, оларға тапсырыс беру арқылы жұмыс орындары мен түсетін салық та облыста қалатыны ескерілген екен.
Шара барысында оқу кабинеттерін жабдықтау, сандық платформалар мен IT шешімдерді жасауға маманданған, сондайақ мектептерді интерактивті панельдер мен компьютерлік техникамен жабдықтап жүрген қазақстандық «KAZ ROBO LAB» компаниясы мен аты әлемге әйгілі канадалық «SMART» компаниясының еліміздегі бөлімшесі өз өнімдерін жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды.
Осыдан кейін «Altamir» жиһаз фабрикасының директоры Берік Жиенбаев өздерінде өндірілетін мектеп жиһаздарын таныстырды. Кәсіпорынның бұл бағытта жеткен жетістіктері де баршылық. Мұнда математика кабинетінен бастап, физика, химия, биология, еңбек және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған бөлмелерге лайықтап жасалынған жиһаздар сапасымен де, бағасымен де талаптарға жауап беретіні аңғарылады.
Жиынға келгендер компанияның өндірістік цехтарын аралап, жоғары технологиялы құрылғылардың жұмысын көзбен көрді. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорында 120 адам еңбек етеді. Мұнда негізінен Қарасай мен Жамбыл ауданының тұрғындары жұмыс істейді. Компания өзіне қажетті мамандарды Қаскелең қаласындағы С. Жандосов атындағы техникалық колледжде даярлап, білікті маман мәселесін де шешіп алған. Комиссия мүшелері мен қоғам өкілдері жиһаздардың сапасына еш күмән келтірмеді.
Кездесудің соңына қарай мердігер компаниялар мен кәсіпорын басшылары білім саласы өкілдерімен бірлесе отырып, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып жатқан оқу ордаларына қойылатын жиһаздар жайлы ортақ мәмілеге келді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы