Өңірімізде биыл Наурыз мерекесі ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталмақ. Мейрам мерейін арттырар «NAURYZ: береке, бірлік, келісім» атты іс-шаралар жоспары құрылып, айрықша күн үш бағытта аталып өтпек. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Асан мәлім етті.
Ұлыстың ұлы күніне орай этносаралық келісімді күшейту жолында қоғамдық бұқаралық, ақпараттық-насихаттық, рухани-танымдық бағыттағы 45 түрлі іс-шара жоспарланған. Өңір әлеуетін ортақ мақсатқа шоғырландыруға мүмкіндік беретін мерекелік бағдарламалар 15 наурызда басталып, 23 наурызға дейін онкүндік аясында жүзеге асырылмақ. Брифинг барысында Жандар Тұрарұлы:
– Іс-шаралар ұлық мерекенің мазмұнын ұлт бірлігінің және қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне деген жылы атмосфераны қалыптастырып, барлық санаттағы отандастарымызды қамтуды қамтамасыз етпек. Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады, – деп айтып өтті.
Брифинг барысында Жандар Тұрарұлы Наурыз мерекесіне орай өткізілетін шаралар тізбегін толығымен таныстырып, «Nauryz: 10 игі іс» жобасының жай-жапсарын тілге тиек етті. Алғаш рет бастау алған жобаның басты мақсаты этносаралық келісімді нығайтып, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуға бағытталған.
«NAURYZ: саялы өлке» ағаш отырғызу акциясы қоршаған ортаны сақтауға, экологиялық ахуалды жақсартуға зор ықпал жасайды. Аталмыш шара аясында облыста 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
«NAURYZ: ұлағат» ұлттық салт-дәстүр рәсімдерін жаңғырту ұлттық кодты сақтаудың тиімді тетігі болмақ. Аталмыш жобаны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі іске асырмақ.
«NAURYZ: аламан» қазақ тілін меңгерген этнос жастары арасындағы интеллектуалдық ойындар қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастарының зияткерлік әлеуетін арттырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзара ынтымақтастықты нығайту жолында ұйымдастырылған.
«NAURYZ: бабадан мирас» шеберлік сыныптарында қолөнер ерекшеліктері туралы кәсіби зергерлер өз кеңестерімен бөліседі.
«NAURYZ: ізгілік көмек» қайырымдылық акциясы аясында өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер мен меценаттар түрлі бағыттағы қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетпек.
Сонымен қатар «NAURYZ: кәде» жас ұрпаққа ұлттық нақыштағы сыйлықтар беру іс-шарасы жас ұрпақ арасында татулық пен жақын қарым-қатынасты күшейтуге бағытталмақ.
«NAURYZ: тағылым» аға буын өкілдерімен кездесулер өткізіліп, ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығын сақтауды басты мақсат етпек.
«NAURYZ: society» челленджі береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамының маңызы мен міндетін жас ұрпақ пен өзге этнос өкілдері арасында кеңінен насихаттайды.
«NAURYZ: береке, бірлік, келісім» жалпыхалықтық этно-мәдени іс-шарасында «Ассамблея ауылы» ұлттық-этнографиялық көрмесі, «Шеберлер ауылы» ұлттық қолөнер көрмесі, «Достық ауылы» этнос өкілдерінің көрмесі, «Ұлағат ауылы» ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің көрмесі, «Ұлыстың ұлы күні» мерекелік концерті, «Ізгілік» ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өткізіледі.
«NAURYZ: дара дәстүр» жобасында үлкендердің бата беру біліктілігін көтеру жолға қойылмақ. Атап өтерлігі биыл Наурыз мейрамы алғаш рет бір апта бойы тойланбақ.
Құралбек СӘБИТОВ