Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың еліміз үшін орны ерек. Ұлттық құрылтай – азаматтардың ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді. Президент күн тәртібінде белең алып отырған бірқатар келелі мәселелерді шешудің оң бағыттарын айқындап берді.
Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі кітаптарды көбейтуді, халықтың кітап оқуға ынтасын ашуды да ұсынды. Ол Ұлттық құрылтай мүшелерінің «Ұлттық кітап күнін» белгілеу ұсынысын қолдап, Алматы мен Астанада 24 сағат бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылатынын айтты.
Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Тоқаев елде «тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, қатігездік күшейіп бара жатқанын» айтып, «заң қатаң сақталуы керек» деп баса айтты.
Сонымен қатар, мәлім болған жаңалықтардың бірі ел Президенті Елтаңбаны өзгертуді тілге тиек етті.
Мемлекет басшысының пікірінше, Елтаңба туралы көп сын айтылып жүр. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып, эклектикалық сипаты мен мәні күрделенген дейтіндер бар. Сондықтан ел тұғырының бірі, мемлекеттілігімізді айқындайтын, айшықтайтын Елтаңбамыздың жаңа үлгісін қайта қарастыру қажеттілігі айтылды.
Расымен де, Елтаңбамыздағы жұлдыз символизмін еліміздің Кеңес одағы кезіндегі елтаңбасының мұрасына жатқызуға болады. Әлбетте мұндай «бодандықтың» мұрасынан арылған жөн болар. Онымен қоса, тым күрделі. Осы сияқты қателіктерді ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді ескере отырып түзету керек.
Сондай-ақ, екі ай бұрын «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы еліміздің Астана мен Алматы қалаларында сауалнама жүргізген болатын. Басты мақсат – елтаңба туралы жас халықтың пікірін білу. Зерттеудің қорытындысы бойынша, тұрғындардың көпшілігі рәміз мағынасын түсінбейтінін және тани алмайтынын көрсетті. Елтаңбамыздың жаңа көзқарасқа ие болуы, өзгеріс табуы заңдылық деп түсінемін.
Жаңа толқын өсіп келеді, өскелең ұрпақ бой түзеп, қанат қағуда. Елтаңбаны өзгерту деген оңай шешім емес, алайда қазіргі заманға сай сәні артып, өткен тарихымызбен үндессе, Елтаңбамыздың жаңаруын қолдаймын. Ең бастысы көпшіліктің пікірін ескеру қажет.
Қуат Байғоджаев,
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты