Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «All Ability Camp» спорттық лагерінің бесінші мауысымының ашылу салтанаты өтті. Былтыр жұмысын бастаған сауықтыру орны биыл да 200-дей баланы ата-аналарымен бірге қабылдап, олардың болашағына жарқын үміт сыйламақ. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев пен игі шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған «Samruk-Kazyna Trust» қорының директоры Альфия Адиева жазғы лагерьдің лентасын қиды.
Қапшағай көлінің жағасына республиканың түкпір-түкпірінен келген психикалық және физикалық дамуында кедергісі бар балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл сауықтыру орнының бала денсаулығын жақсартуға септігі мол. Жобаның басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларды ортаға бейімдеу, оларды ата-аналарымен бірге спортпен шұғылдануға ынталандыру, толыққанды өмір сүруге бағыттау. Сондай-ақ мұнда паралимпиадалық спорт насихатталып, ерекше қамқорлықтағы балаларға психологиялық кедергілерді жеңуде көмек көрсетіледі.
Шапағатты шараның шымылдығын ашқан «ДЦП life» қорының негізін қалаушылар Асан Итенов пен Зәуре Итенова демалуға келген балалар мен олардың ата-аналарына сәттілік тілеп, «All Ability Camp» жазғы лагері жайлы аз-кем ақпарат беріп өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асқан жазғы лагерьдің мүмкіншілігі көп. Балалардың және ата-ананың келіп-кету жолы, бір апталық жатын орны мен бес мезгіл тамағы қарастырылған.
Лагерь жұмысына спорт жаттықтырушылары мен арт-терапия мамандары тартылған. Ата-аналарға психологтар мен коуч тренерлердің көмегі көрсетілмек. Еліміздің әр өңірінен жиналған демалушыларға ыстық лебізін арнаған Зәуре Алпысбайқызы жоба жайында тебірене жеткізді.
- Біздің жақсы істің жаршысы атануымызға ерекше қамқорлықтағы балалардың санатына жататын қызымыз Іңкәр басты себеп болды. Мұндай мәселемен бетпе-бет келген соң өзіміз сынды ата-аналардың жайын жақсы түсінеміз. Перзентімізді аяққа тұрғызайық, қуантайық деп бар күш-жігерімізді сарп етеміз. Арбада таңылып отырса да кішкентай жеткіншектің жүрегі, сезімі бар, ақыл-ойы түзу. Басқа балаларымыз жазғы лагерьге кеткен кезде ерекше қамқорлықтағы балдырғандарға арналған лагердің жоқтығынан Іңкәр қызымыздың жиі көңілі түсіп, қоғамнан оқшауланып қалатыны жүрегімізді ауыртатын. Сол себепті ерекше қамқорлықтағы балдырғандардың тынығып, әрі емделуіне мүмкіндлік ашатын лагерь ашу ойымызға келді. Бір айта кетерлігі, тілек, ниетіміз болғанымен жан-жақты қолдау болмаса, біз бұл істі жүзеге асыра алмас едік, – деген Зәуре Итенова тағдырдың салмағы қаншалықты ауыр болса да мойымаған, белдері қайыспаған ата-аналарға өз алғысын жеткізіп, оларға да барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
Келесі сөз кезегін алған «Samruk-Kazyna Trust» қорының директоры Альфия Адиева демалуға келген балдырғандарға жылы лебізін арнап, сауықтыру шараларының нәтижелі болуын тіледі.
- Құрметті балалар және ата-аналар! Инклюзивті лагерьге қош келдіңіздер! Мұндағы әр күндеріңіз қызықты әрі пайдалы өтеді деп сенемін. Осы іске ұйытқы болып, авторлық жобаларын алып келіп, оның маңыздылығын дәлелдей білген Асан мен Зәуреге зор құрметімді жеткізгім келеді. Балаларымызды қорғайтын мемлекет, қамқор ата-аналар бар кезде жас ұрпақтың болашағы жарқын боларына күмәнім жоқ, – деді.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Маратұлы сауықтыру лагерінің ашылуы өңіріміздегі ерекше шара екенін айтып, республика бойынша алғашқы болып ұйымдастырылған жобаға септігін тигізген жандарға алғысын жеткізді. Ерекше күтімдегі балалардың бақытты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалып жатқанын айтып, болашақта аталмыш жобаның ауқымы кеңейетінін, жазғы лагерь ұйымдастырылған алаң мемлекет меншігіне өтіп, ерекше қамқорлықтағы балалар үшін толыққанды демалыс орнына айналатынын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған Асан Итенов «All Ability Camp» спорт лагері ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтік дағдыларын нығайтуына, эмоционалдық және физикалық дамуына, сондай-ақ өз әлеуетін іске асыруға тамаша мүмкіндік беретінін алға тартты.
Еске салайық, All ability Camp лагері 2023 жылы пилоттық режимде жұмысын бастап, 4 кезең бойынша 200 бала ата-аналарымен бірге демалған.
Құралбек Сәбитов