28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай бүгін Астанада салтанатты жиын өтті. Ақордада өткен жиынға республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистиканың мәртебелі мамандық екенін атап өтті.
– Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзекті болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық реформаларға арнайы тоқталып, осындай тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге журналистер қауымы зор үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы мен қоғамда экологиялық сана қалыптастырудың мән-маңызы туралы айтты. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу, экономиканы әртараптандыру, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен мәлімет берді. Бұдан бөлек, Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы, Атом электр станциясын салу мәселелері жөнінде пікір білдіріп, журналистерді осы маңызды істерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға шақырды.
Мемлекет басшысы жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысқанын, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтіп, аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет екеніне тоқталды.
Жиында бірқатар журналиске Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары, гранттары және Алғысы салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Президент сөзінің соңында былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстау дәстүрге айналғанын, бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.