Бұл туралы баспасөз мәслихатын өткізген облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету стансасының директоры Есхат Жантоков мәлімдеді.
Жантоковтың сөзінше, облыстың жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз қамтамасыз етілген әрі көліктерге медициналық құрал-жабдықтар қойылған.
«Қазіргі таңда станса балансында 150 жедел жәрдем көлігі бар. Тұрғындарға 143 бригада қызмет етеді, оның ішінде 20-сы дәрігерлік бригада. Көліктер GPS навигациясы бар медициналық құралдармен жабдықталған», – деді Есхат Жантоков.
Ал аудандық емханалардағы жедел жәрдем көліктері бойынша спикер олардың үштен бірі жаңартуды талап ететінін айтты. Бүгінде 89 автокөлік сатып алу үшін 2 380 350.0 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілген.
Облыстағы бірыңғай диспетчерлік қызметке күніне 2000-2200 қоңырау түседі. Сол хабарларға сәйкес, биыл жол-көлік оқиғаларының өскені байқалады.
Айта кетейік, облыста 1,5 млн астам халық тұрады. Елдімекендердің арақашықтығы мен орналасуына қарай жедел медициналық жәрдем бригадалары 9 км-ден 300 км-ге дейінгі радиуста қызмет көрсетеді. Облыста 1 жедел медициналық және шұғыл жәрдем стансасы, 11 қосалқы станса және 51 дислокация ұйымдастырылған.