1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс – қазақ халқының азаттық жолындағы ең қасіретті әрі қасиетті кезеңнің бірі. Соның ішінде Қарқара көтерілісі ел тағдырын өзгерткен тарихи оқиға ретінде ұлт жадында мәңгі сақталады.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында патша өкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясаты бұрынғыдан да күшейе түсті. 1867 жылы Жетісу облысы құрылып, 1886 жылы Түркістан өлкесін басқару туралы патша жарлығы шыққаннан кейін жергілікті халыққа қысым үдей түсті. Қазақтардың құнарлы жайлауы мен шұрайлы шабындықтары тартып алынып, ол жерлерге қоныс аударған орыс шаруалары орналастырылды. Жерінен айырылған елдің тұрмысы күйреп, әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Жаркент уезіне қарасты он алты болыс отарлық билікке жыл сайын орасан зор салық төлеп отырған. Мал-мүлкімен күн көрген халықтан жүздеген мың қой, мыңдаған жылқы мен ірі қара жиналды. Алым-салықтың ауыртпалығы халықтың қабырғасын қайыстырды. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан жылдары азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттардың бағасы бірнеше есе қымбаттап кетті. Ұнның бір пұтының бағасы шарықтап, қара халықтың тұрмысы мүлде ауырлады. Осындай қиын кезеңде 1916 жылғы маусым жарлығы шықты. Патша өкіметі қазақтың қара жұмысқа жарамды азаматтарын майданның тыл жұмысына алу туралы бұйрық берді. Бұған дейін «қазақтан әскер алынбайды» деп уәде берген патша билігінің бұл шешімі халықтың ашу-ызасын туғызды. Қазақ даласының әр өңірінде толқулар басталып, Қарқара жайлауы көтеріліс орталығына айналды. «Бала өлгенше, шал өлсін» деген сөз сол тұста халықтың ұраны болды. Ел ағалары жастарды қырғын соғысқа жібермеудің жолын қарастырды. Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов, Нүке Ыстыбаев, Құдиярбек Шотаманұлы, Қазыбек Шорманов секілді елге беделді азаматтар халықты ұйымдастырып, патша жарлығына қарсы тұрды.
Көтерілісшілердің арасында ерекше танылған тұлғалардың бірі Құдиярбек Шотаманұлы еді. Ол 1855 жылы дәулетті шаңырақта дүниеге келіп, ел ішінде әділ би, парасатты азамат ретінде танылған. Замандастары Құдиярбекті ұзын бойлы, сабырлы, терең ойлы адам болған деп сипаттайды. Ол көтеріліс кезінде Сырт жайлауында күндіз-түні ат үстінен түспей, жасақтарды азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етуге күш салған. Ұсталарға қылыш, найза, білтелі мылтық жасатып, мергендерге бесатар дайындауға жағдай жасаған. Құдиярбек Шотаманұлы ел алдында сөйлеген сөзінде патша өкіметінің екіжүзді саясатын әшкерелеп, қазақ жігіттерінің соғысқа дайын емес екенін ашық айтқан. Оның: «Патша уәдесінен тайды. Қазақ жігіттері соғысқа үйретілмеген. Бұларды отқа айдап салғанмен бірдей», – деген мазмұндағы сөзі халықтың жүрегіне жетті.
Ол Жәмеңке мен Ұзақ бастаған ел ағаларынан бөлінбейтінін айтып: «Бәріміз Жәкең мен Ұзақ батырдың айтқанына қосыламыз», – деп көтерілісшілердің бірлігін нығайтты. Қарқарадағы көтеріліс аз уақыт ішінде бүкіл өңірге тарады. Жетісу облысының губернаторы Фольбаум Түркістан генерал-губернаторына жолдаған жеделхатында Қарқарадағы көтерілісшілер саны алпыс мыңға жуықтағанын хабарлаған. Шу бойында он бес мың, Балқаш маңында үш мың көтерілісші жиналғаны айтылды. Ал Верный уезінің бастығы Петроградқа Қастек өңірінде он мыңға жуық қазақ атқа қонғанын мәлімдеген. Бұл деректер халық қозғалысының ауқымын анық көрсетеді. Қарқарадағы көтеріліс жалғыз бір рудың емес, бүкіл елдің азаттық аңсаған күресі еді.
Патша өкіметі көтерілісті аяусыз басуға кірісті. Қарқара өңіріне арнайы жазалаушы отрядтар жіберілді. Ротмистр Кравченко бастаған қарулы әскерлерге «күдікті» қазақтарды атуға, мал-мүлкін тартып алуға рұқсат берілді. Жергілікті халыққа қарсы қатыгездік шектен асты. 1916 жылдың тамыз айында көтеріліс жетекшілері тұтқындалып, Қарақол түрмесіне қамалды. Олардың қатарында Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов, Кұдиярбек Шотаманұлы, Нүке Ыстыбаев, Қарбоз Қаңтаров, Жанпейіс Отыншыұлы секілді ел ағалары болды. Тергеу материалдарында олар «аса қауіпті қылмыскерлер» ретінде көрсетілді. Жәмеңке Мәмбетов түрмеде у беріліп қаза тапса, қалғандарының көбі ату жазасына кесілді. Түрме ішіндегі қырғын адам сенгісіз жауыздықпен жүзеге асырылды. Куәгерлердің айтуынша, кешкі уақытта түрме терезесінен бірнеше солдат қатарынан оқ жаудырып, қамауда жатқан қазақтарды қырып салған. Құдиярбек Шотаманұлы етпетінен сұлап түссе, Қарбоз Қаңтаровтың жүзіне оқ тиіп, қан-жоса болғаны айтылады. Құрман, Қазыбек, Жанпейіс секілді азаматтар да сол жерде жан тапсырған. Алайда қанды қырғыннан аман қалғандар да болды. Біләл Разақов пен Жайшыбек Бектенов түрмеден қашып құтылғаны жөнінде деректер кездеседі. Кейбір көтерілісшілер ауыр жараланып, тірі қалғанымен, олардың тағдыры ұзақ уақыт зерттелмей келді.
Қарқарадағы қырғын тек түрмемен шектелген жоқ. Қарқара, Нарынқол, Шарын өңіріндегі қазақ ауылдары жазалаушы әскердің шабуылына ұшырады. Мал-мүлік тоналып, бейбіт халық босқынға айналды. Мыңдаған адам Қытай асып кетуге мәжбүр болды. Аштық, суық, ауру салдарынан көптеген адам көз жұмды. Жас балалар, қарттар мен әйелдер жолда қырылып қалды. Кей деректерде жетпіс мыңға жуық халықтың тең жартысы опат болғаны айтылады. Бұл – қазақ тарихындағы ең үлкен қасіреттің бірі.
Патша өкіметі мұнымен де тоқтамады. Көтерілістен кейін қазақ халқына бұрынғыдан да ауыр салық салынды. Он төрт мың қой, мыңдаған ірі қара тартып алынып, жазалаушы отрядтардың шығыны халықтың мойнына жүктелді. Майдан қажетіне деп Қарқара өңірінен сексен мың қой, мыңдаған жылқы мен ірі қара, жүздеген киіз үй мен қыруар азық-түлік алынған.
Жергілікті халықтың ешқандай саяси құқығы болмады. Нарынқол мен Шарын өңіріндегі пристав Подварковтың қатыгездігі ел арасында аңызға айналған. Қазақтар оны «Ақжелке» деп атап кеткен. Текестен мал суғаруға дейін тыйым салынып, болмашы сылтаумен халық тоналды. Соған қарамастан Қарқарадағы көтеріліс қазақ халқының рухын сындыра алған жоқ. Бұл қозғалыс ұлттың азаттыққа деген ұмтылысын айқын көрсетті. Қазақ халқы отарлық езгіге мойынсұнбайтынын дәлелдеді. 1916 жылғы Қарқара көтерілісі кейін әдебиет пен тарихи зерттеулерде кеңінен көрініс тапты. Мұхтар Әуезов өзінің «Қилы заман» романында осы тарихи кезеңнің қасіретін терең суреттеді. Сондай-ақ Тұрсын Жұртбайдың «Бейуақ» кітабы мен басқа да зерттеулерде Қарқара қасіреті кеңінен баяндалған.
Қарқарадағы Ереуілтөбе ерлері – ел мен жердің азаттығы үшін жанын қиған тарихи тұлғалар. Олардың ерлігі – бүгінгі тәуелсіздіктің рухани негіздерінің бірі. Бүгінгі ұрпақ үшін Қарқара көтерілісі – жай ғана тарихи оқиға емес. Бұл – азаттықтың бағасын ұқтыратын, елдік рухты асқақтататын тағылымды сабақ. Сол боздақтардың қаны тамған қасиетті жер мен олардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс.
Әбілақат РЫСМЕЛДИЕВ,
Құдиярбек Шотаманұлының шөбересі
Райымбек ауданы