«Отан – отбасынан басталады» деген халқымыздың даналығы ғасырлар бойы өз мәнін жойған емес. Бұл – сан ғасырлық тәжірибеден туған өмірлік қағида. Шынында да, әр адамның алғашқы мектебі – отбасы. Сәби алғаш ана әлдиін естіп, әке өнегесін көріп, ата мен әженің ақылын тыңдап, өмірдің мәнін ұғына бастайды. Адам баласының ең алғашқы тәрбиесі, өмірлік ұстанымы, адамгершілік қасиеттері мен ұлттық болмысы отбасында қалыптасады. Сондықтан Отбасы күні – тұтас қоғамның рухани құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке.
Бүгінгі таңда әлем бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп келеді. Жаһандану үдерісі, ақпараттық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілердің ықпалы жастардың дүниетанымы мен өмір салтына әсер етуде. Осындай алмағайып кезеңде ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді, ана тілімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап қалудың ең сенімді жолы – отбасы институтын нығайту. Себебі елдің ертеңі – саналы ұрпақтың тәрбиесіне, ал саналы ұрпақтың қалыптасуы – өнегелі отбасына тікелей байланысты. Әрбір шаңырақта үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға сыйластық, еңбекқорлық пен жауапкершілік салтанат құрғанда ғана мемлекетіміздің болашағы баянды болады.
Қазақ халқы үшін отбасы – тек бірге тұратын адамдардың қауымдастығы емес. Ол – тәрбиенің алтын бесігі, ұлттық дәстүрдің қайнар көзі, ізгіліктің мектебі. Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Тәрбие – талбесіктен», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ұрпақ тәрбиесінің негізі отбасында қаланатынын терең түсінген. Осындай өмірлік ұстанымның арқасында халқымыз ұлттың рухани тұтастығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұрасын жеткізе білді.
Біздің ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қараған. Баланың бойына адалдықты, мейірімділікті, имандылықты, ар-ұятты, намысты, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты кішкентайынан сіңірген. Бала тек сөз арқылы емес, үлкендердің іс-әрекеті арқылы тәрбиеленген. Сондықтан әрбір ата-ана өз перзентіне ең алдымен жақсы үлгі болуы тиіс. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі. Оның қандай азамат болып қалыптасуы ең алдымен отбасы тәрбиесіне байланысты.
Қазіргі қоғамда түрлі өзгеріс орын алып жатқан кезеңде отбасы құндылықтарын сақтау бұрынғыдан да маңызды. Кейде тұрмыстық қиындықтар, уақыт тапшылығы, ақпараттың шамадан тыс көптігі ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуде. Кейбір отбасыларда бір дастарқан басында отырып әңгімелесу, үлкеннің батасын алу, бірге кітап оқу, ұлттық салттарды дәріптеу сияқты игі дәстүрлер сиреп барады. Осындай жағдайда әр отбасы рухани байланысты сақтауға ерекше мән беруі қажет.
Баланың тұлға болып қалыптасуына ата-ананың бір-біріне деген құрметі, өзара түсіністігі, махаббаты мен жауапкершілігі зор ықпал етеді. Бала ата-анасының әрбір сөзі мен ісіне қарап өседі. Үйдегі бір ауыз жылы сөз, өзара кешірім мен сыйластық, үлкенге көрсетілген құрмет пен кішіні аялау – тәрбиенің ең тиімді жолы. Баланың бақыты – ата-ананың бірлігі мен берекесінде. Сондықтан әрбір отбасы өзара сыйластықты, сенімді, жанашырлықты және рухани жақындықты басты құндылық ретінде ұстануы қажет. Бүгінгі қоғамға білімді ғана емес, тәрбиелі, елін сүйетін, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Ал мұндай азаматтарды тәрбиелейтін ең басты орта – отбасы. Баланың бойына Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, ана тілін ардақтау, еңбекке адалдық сияқты қасиеттер ең алдымен ата-ананың тәлім-тәрбиесі арқылы дариды. Сондықтан отбасы – мемлекет тұрақтылығының берік іргетасы.
Отбасы құндылықтарын сақтау – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл жолда білім беру ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ақсақалдар алқасының, аналар кеңесінің және барлық зиялы қауым өкілдерінің жауапкершілігі зор.
Қазақ халқы ананы әрдайым тіршіліктің бастауы, тәрбиенің қайнар бұлағы ретінде құрметтеген. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Ана тәрбиесі арқылы ұлт тәрбиеленеді. Сонымен қатар әкенің орны да ерекше. Әке – отбасының қорғаны, бағыт берушісі, жауапкершіліктің үлгісі. Әкенің еңбекқорлығы, әділдігі, батылдығы мен парасаттылығы баланың өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал етеді. Әке мен ананың өзара сыйластығы мен татулығы – отбасы бақытының алтын қазығы.
Ұлттық салт-дәстүрді қастерлеу, ана тілін ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, туған жерді сүю, адал еңбек ету – отбасының күнделікті өмірінде көрініс табуы тиіс. Осындай құндылықтар ғана жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, оларды елін сүйетін, халқын құрметтейтін, мемлекетінің дамуына үлес қосатын азамат етіп тәрбиелейді.
Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Бұл сөз ең алдымен отбасына қатысты айтылғандай. Бірлігі жарасқан, татулығы бекем отбасы – бақыттың бастауы. Ал бақытты отбасылар көбейген сайын қоғам да ізгіленіп, мемлекет те нығая түседі. Сондықтан әрқайсымыз өз шаңырағымыздың берекесін сақтап, бала тәрбиесіне, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуге ерекше мән беруіміз керек. Өйткені «Отбасы түзелсе, ел түзеледі» деген ұлағатты сөздің астарында тұтас ұлттың болашағы жатыр.
Гүлнар Жошыбаева,
Алматы облыстық аналар кеңесінің төрағасы