Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Өзімді қашап өзімнен, Ескерткіш сомдап жатырмын

Өзімді қашап өзімнен, Ескерткіш сомдап жатырмын

25 қаралым

Қуаныш Жазай – 1994 жылы Райымбек ауданы Талас ауылында дүниеге келген. Халықаралық, республикалық мүшәй­ралардың жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.­ ­«Толқынға қарсы», «Жыр-дәрия», «Сен мені оят» атты жыр кітаптары жарық көрген. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты.

ЖЕРШІЛ

Бақай атам сезіммен бір керемет,
Туған жерін сүйеді мүлде бөлек.
Айнымайтын біртүрлі әдеті бар,
Айналса да жер шарын шыр көбелек.

Ұшқын атып жүзінен от шырайлы,
Одан өзге «құбыла» жоқ сыңайлы,
Қайбір үйге қонбасын, ұйықтар сәтте:
– Нарынқолың қай жақта? – деп сұрайды.

Бұл сұрақты сен қалай ұғынасың?
Жауап таппай еріксіз бұғынасың.
Көз іле алмай әр тұсқа басын түзеп,
Кетеді іздеп өзінің «құбыласын».

Қиналмайды, әйтсе де, қарт ұста көп,
Таңғаламын кеудесі компас па деп.
«Ә, осында екен ғой…» – деп тыншиды,
Нарынқолға қараған дәл тұсқа кеп.

Болғанына төзе алмай «астаналық»,
Жатады атам сақалын жасқа малып.
Ой-хой, сосын басады қорылына,
Туған жерін басына жастап алып.

* * *

Есіңде ме екен, жан ана,
Өшірдің бе екен ойдан сен?
Жөнелсем болды далаға,
Батпақпен ғана ойнаушы ем.

Тұрғыздым небір «қамалды»,
Аспадым құлақ саған түк.
Батпаққа батқан балаңды,
Алушы ең күнде ағартып.

Дариға-ай, шіркін, тап сонда,
Кешпедім екен не батпақ?
Қап-қара лайға батсам да,
Жүрегім, жаным еді әппақ…

Қазір ше?
Әсем ырғақпен,
Басамын таза жолды ыңғай.
Батпақ не,
Батпақ тұрмақ мен,
Үстіме тозаң қондырмай.

Жарқылдап өңшең дүрменен,
Жүремін ұқсап «мақтаға».
Сонда да жүрек кірлеген,
Сонда да жаным қап-қара.

Ол үшін, тіпті, ешкімге,
Кінә артып, айып тақпағын.
Кешем деп, ана, кештім бе,
Өмірдің лайлы батпағын?!

Кетейін сенен садаға,
Болайын құлың кәдімгі.
Ағартып берші, жан ана,
Батпаққа батқан жанымды…

БӨЛУ

Бәрін теңдей бөліпті,
Жібермепті бір тиын:
Алтын,
Ақша,
Көлікті,
Жер телімі,
Мүлкі,
Үйін.

О, бұл күні, бұл күні,
Қос жанары мөлдіреп,
Екеуінің тұрды ұлы,
Мені қалай бөлді деп.

Үй сияқты сатпады,
Ақша сынды бөлмеді.
Қос сөмкеде жатпады,
Ондай құрмет көрмеді.

Бірақ бөлді.
Жоқ, тірі!
Басты, әнеки, ол қадам.
Екі жаққа кетті ұлы,
Қақ бөлініп ортадан.

ҚОШТАСУ

Тоқта!
Бөліп алайық:
Алматының жарты бұлты – сенікі,
Алматының жарты бұлты – менікі.

Біздің жаққа бұлт аумайды деуші едің,
Ала жаздай бір тамбайды деуші едің.
Кетіп бара жатырсың ғой ақыры,
Ал, ала кет… құзырыңда ол сенің.

Жадырасын аспан да сұр, жер де сұр,
Бар, нөсерлет, гүл біткенді шөлге өсір.
Екеуміздің қайғымызды той қылып,
Екі жақта ел қуансын көл-көсір.

Көш, көше бер, керуеніңді тоқтатпа,
Мұнда – шуақ, онда – нөсер жоқтатпа…
…Менің бұлтым желді күні – жел жаққа,
Күн көзіне төселеді – аптапта.

Менің бұлтым –
Қалса ашылып етегі,
Аруларды киіндіріп өтеді.
Анда-санда сағынғанда өзіңді,
Алматыны жылатуға жетеді.

* * *

Мін іздеп асқақ жырымнан,
Мешел ой, тапал түсінік,
Өзіме лайық тұғырдан,
Тастады бірде түсіріп.

Мұқалып барып қайралдым,
Дедім де: «елеп-ескерме»,
Қап-қара тасқа айналдым,
Соларға ерегескенде.

Көз ілген түнде кезім кем,
Безінген жаннан пақырмын.
Өзімді қашап
Өзімнен,
Ескерткіш сомдап жатырмын.

Әзірше тұрқым тас қана,
Түспеді кескін онда әсем.
Сондықтан мені басқаға,
Ұқсатып әуре болма сен.

Мен емес әлі бұл тұрған,
Жай ғана нобай, «елесім».
Астынан дара, дүр тұлғам,
Жарқ ете қалар, көресің.

Ал оған дейін бас қамшы,
Не істесең дағы үлгергін.
Маңдайымдағы қос тамшы,
Домалап… жерге сіңген күн:

Қош айтып ғазиз ғұмырға,
Аласармастан өр еңсем,
Отырам барып тұғырға,
Түсіріп көрсін содан соң!

Қуаныш ЖАЗАЙ