Биыл – ел тәуелсіздігіне 35 жыл. Азаттық дегенде, ең алдымен елін, жерін жаудан қорғап, Ұлы даламызды ұрпақтарына аманаттаған ата-бабаларымыздың ерен ерлігі еске түседі. Олардың ғибратты ғұмыры мен жеңімпаз жолы – баршамызға ұлағат. Сондай даңқты тұлғалардың қатарында есімі ел жадында сақталған Әлмерек абыздың орны айрықша. Бабамыздың батырлығы мен қайраткерлігі шежіреде қатталып, қисса-дастандар арқылы жатталып, бүгінгі күнге көнермей жетіп отыр.
Әңгімемізге арқау болған Талғар ауданы Жаңа қуат елдімекенінде орналасқан Әлмерек абыз кесенесі – Алматы облысындағы сакралды нысандардың бірі. Бабаның басына барып, рухына тәу ететін дәстүр ежелден қалыптасқан. Ел аузындағы деректерге қарағанда, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев та бала күнінде әкесімен бірге осы қасиетті мекенге келіп, тағзым етіпті. Бұл жөнінде жазушы Ораз Қауғабаевтың еңбектерінде жазылған.
Кесенеге зиярат етушілер легі толастаған емес. Киелі орынның тарихи әрі рухани маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Қазір Әлмерек абыз кесенесі Алматы облыстық музейлер бірлестігіне қарайды. Енді бұл аумақты музейлендіру ісі қолға алынуда. Осы игі бастама туралы Әлмерек абыз музей-кешенінің меңгерушісі, драматург Жәнібек Әлікеннен сұрағанда, ол мәселенің мәнісін тарқатып айтып берді.
– Музей ашу туралы бастама 2002 жылы баба кесенесі бой көтеріп, жан-жағы абаттандырылған кезде туындаған. Бертін келе абыз ұрпақтары Жанболат Жөргенбаев, Мұрат Омаров, Ысқақ Нұрмұханбетовтер осы идеяны жүзеге асыруға белсене кірісті. Нәтижесінде кесене аумағы облыстық музейлер бірлестігіне енгізілді.
Қазір музейдің алғышартын жасап жатырмыз. Мемориалдық па, жоқ әлде өлкетану мұражайы бола ма, мұны жан-жақты талдап, терең зерттеу қажет. Осы мақсатта Халықаралық түркі академиясының президенті, белгілі ғалым Дархан Қыдырәлі ағамызды арнайы шақырып, пікірін тыңдадық. Тарихшылардың да ақыл-кеңесіне құлақ түрдік. Әлмерек бабамыз жоңғар шапқыншылығы кезінде өмір сүрген. Сол заманға байланысты бабалардың ерлік жолын паш ететін жәдігерлерді іздестірудеміз, – дейді Жәнібек Сауданбекұлы.
Әлмерек Жаншықұлының туғанына биыл 368 жыл толып отыр. Қарқара жайлауында абызға арнап үлкен ас берілді. Сонда Жәнібек Әлікеннің батыр бабаға арнап жазған пъесасын Астанадан келген Жастар театрының актерлері сахналады. Ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, әлмеректануға арналған зерттеулер де жалғасын тауып келеді. Музей меңгерушісінің айтуынша, Әлмерек абыздың тарихи тұлғасын тереңірек тану мақсатында Ресей, Өзбекстан және Қытай мемлекеттерінің архивтеріне арнайы сұрау салу жоспарлануда.
– Әлмерек бабамыз – арада үш ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық жадынан өшпей, есімі ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен тарихи тұлға. Сондықтан ел аузындағы шежірені архив құжаттарымен сабақтастыра отырып сараптау маңызды. Осы мақсатта кәсіби мамандарды ортақ іске тартып, өзге елдердің архив қорларына шығуды жоспарлап отырмыз. Әсіресе Ташкент төңірегі, Шыршық өзенінің бойы, Түркістан аймағына қатысты тарихи деректерге айрықша назар аудару қажет деп ойлаймын, – дейді Жәнібек Әлікен.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Райымбек! Райымбек!» поэмасында есімі бір рудың ұранына айналған Райымбек батырдың Әлмерек абыздан бата алған сәтін тебіреніспен суреттеген. Бұл оқиғаны тілге тиек етуіміздің өзіндік мәні бар. Мәселен, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілер әуелі оның ұстазы Арыстанбабтың басына барады. Дәл осындай рухани байланысты Райымбек батыр мен Әлмерек абызға қатысты сабақтастырсақ, кейінгі ұрпақ қос тұлғаның ел тарихындағы орнын тереңірек ұғына түсері анық. Осыған қатысты ойын Жәнібек Сауданбекұлы былайша тарқатты:
– Еліміздің батыс өңірінде де Бекет атаға тәу ететіндер алдымен Шопан атаның зиратына соқпай кетпейді. Өкінішке қарай, Алатау баурайында бұл дәстүр толық сақталмай қалған. Бәлкім, шекаралық өңірде орналасқанымыз әрі кезінде ел астанасы болған Алматы маңында кеңестік идеологияның ықпалы өзге аймақтарға қарағанда күштірек сезілгендіктен шығар, біз осындай көне дәстүрлерден біршама қол үзіп қалғанымыз сондықтан. Түркістан мен Маңғыстаудағыдай зиярат мәдениетін, рухани сабақтастықты қадірлейтін үрдісті енгізсек артық болмайды. Осы туралы Райымбек батыр музей-кешенінің жетекшісі Қайсар Ғалымжанұлымен ақылдастық. Сондықтан бабалар кесенесіне келетін әрбір жанның санасына осы ұстанымды сіңіріп отыру маңызды. Қазақ әруақты қастерлеген. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығында терең философиялық мән жатыр. Сондықтан аруақ культі, зират мәдениеті – халықпен бірге мыңдаған жыл бойы жасап келе жатқан менталитет. Райымбек батырдың зиратын сүреміз дегенде тылсым оқиғалар болғанын талай естідік. Бұл жер де – сондай киелі орын, – деп сөзін түйіндеді ол.
Қарадала өңірінде Әлмерек абыздың ескерткіші бой көтерді. Баба кесенесінің де музей кешеніне айналатын уақыты алыс емес. Ата-баба аманатына адалдық тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуден басталады. Сондықтан бүгінгі азат елдің әр белесі өткеннің ерлік өнегесімен сабақтасып, ұлттық рухымызды асқақтата береді. Сол арқылы жас ұрпақ Отанды сүюдің, бірлік пен ынтымақты ту етудің қадіріне жетіп, оны барынша сезіне түсетіні анық.
Болат МӘЖИТ
Талғар ауданы