Алматы облысында Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Қонаев қаласында өткен жиынға қаржы саласының, экономиканың әртүрлі салаларының өкілдері қатысты.
Облыстық және аудандық деңгейдегі қаржы саласының қызметкерлері Қаржы министрлігінің марапатына ие болса, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып келе жатқан алпауыт кәсіпорындар мен облыс аймағында өз өкілдіктерін ашқан екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері Алматы облысының Алғыс хатымен марапатталды.
Егемендік алғанына 30 жыл болған Қазақстанның алпауыт мемлекеттермен қатар тұруы үшін қаржы саласының орны бөлек. Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде тиімді жоспарлап, мақсатты игеріп, ел экономикасының ілгерілеуіне күш салу.
Мемлекет басшысының бастамасымен былтырдан бері қайта түлеген өңіріміздің ел қуатын еселеуде орны ерекше. Облыс орталығы Қонаев қаласының және Алматы агломерациясының дамуына 2048 жылға дейін шамамен 3,7 трлн. теңге көлемінде инвестиция тарту, құны 17 трлн. теңгеден астам қызметтер мен тауарлар өндіру, сондай-ақ 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл ауқымды іс-шара қаржының дұрыс, тиімді және нәтижелі игеріліуін талап етеді. Ол қаржы саласы қызметкерлерінің иығындағы жауапты жұмыс. Осы күнге дейінгі атқарылған еңбегін бағалап және алдағы уақытта өзінің қызметін тиянақты атқару мақсатында қаржы саласының қызметкерлеріне әртүрлі қолдау көрсетілуде.