Кеген аудандық мансап орталығы және аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар мен пробация есебінде тұратын жұмыссыз тұлғаларды, жұмысқа қабілетті мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 7 жұмыс берушімен 40-қа жуық уақытша жұмыс орындарында жүрген азаматтар және басқа да жұмыс іздеушілер қатысты.
Жәрмеңкенің мақсаты – ауыл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді анықтап, оларды бірлесе шеше отырып, лайықты жұмыспен қамтуға ықпал ету және тегін консультативті кеңестер беріп, жұмысқа орналастыру басты назарға алынған.
Өз кезегінде жұмыс берушілер ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен таныстырып, алаңдатқан сұрақтарына жауап берді және азаматтарға кешенді қызмет көрсетті.
Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша мекемелерден түскен тұрақты жұмыс, оның ішінде білім саласы, денсаулық сақтау саласы және әртүрлі жұмыстарға бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге жұмыс беруші ретінде 7 мекеме қатысып, 20 бос жұмыс орындарымен таныстырды. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 40-қа жуық азаматтың ішінен 2 азамат тұрақты жұмысқа жолданды және барлық жұмыссыз азаматтар бос жұмыс орындарымен танысты. 5 адам қоғамдық жұмысқа 1 шілдеден бастап жіберілетін болды.
– Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне жеті жұмыс берушілер қатысып отыр. Бұған дейін де түрлі форматта жұмыспен қамту шараларын өткізген болатынбыз. Мемлекет тарапынан берілетін көмекке ғана қарап отырмасын деп, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды да шақырдық, -дейді мансап орталығының директоры Біләл Мәсімбаев.
Айта кетерлік жайт, қазір жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс іздеу үшін мансап орталығына келу де міндетті емес. Өйткені барлығы цифрланған. Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де барлық қызметті қашықтан ала алады.
Жұмыс берушілердің пікірінше, негізінен аудан бойынша сұранысқа ие мамандықтар электрик, құрылыс мамандары, аспаз, тігінші, әскери мамандар, техника саласының мамандары және мұғалімдер.
Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетсек, Кеген өңірінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл тұрғындардың жұмысқа орналасуына, жеке және кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы