Соңғы уақыттары үлкен спортта биік белестерді бағындырған ұландарымыздың жеңісі жалпы халықты қанаттандыра түскені анық. Солардың бір парасы таудан – өрлікті, судан – тазалықты, жерден – төзімділікті, аспаннан асқақтықты үйренген ауыл балалары еді. Алайда сандаған жыл ауыл спорты тұншығып, өзге елдердің спорт түрлеріне таңдай қаға қарайтын кез де болған. Бүгінде ауыл спортының тамырына қайтадан қан жүгіре бастағаны қуантады. Десе де әттеген- айларымыз да аз емес. Әсіресе ауылдық жердегі ескірген спорт нысандары көп көңілін алаңдатпай қоймасы анық.
40 мыңнан астам тұрғын мекендейтін Шелек ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты 1957 жылы бой көтерген. Міне, содан бері зымырап 68 жыл өтсе де ол нысан әлі күнге күрделі жөндеу көрмей келеді. Бүгінде аталған спорт мектебіндегі балалар жаттығатын залдың қабырғалары қақырап, едені ескірген. Жауын-шашын болған күндері шатырынан сорғалап су ағады екен. Қаншама чемпион қанат қаққан шаңырақтың қараусыз хәлін көріп көңіліміз су сепкендей басылады.
Спорт мектебін басқарып отырған Елмұрат Қайыпжанов – қазақтың Көк Туын көтеріп, әлемді мойындатқан азамат. Мақсаты – ауылдың қарадомалақтарын әлемдік тартыстарда жеңіс тұғырынан көру. Бүгіннің өзінде бұл мектептен Азия мен әлем чемпиондары шыққан. Жеткен жетістіктері де аз емес. Өңір спортын түлетуге белін бекем буған ағамыз осы бір ескі ғимаратты жаңартам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр.
– Тозығы жеткен спорт мектебі, расын айту керек қауіпті жағдайда. Өткен жылғы жер сілкінісінен қабырғалары жарылды. Оның қанша уақытқа шыдас беретінін дәп басып айта алмаймыз. Тағы бір өзекті мәселе – спорт залдан шығатын кәріз жүйесінің қолқаны қабатын жағымсыз иісі. Оны ғимаратқа кірген сәттен бастап сезуге болады. Былтыр маңымыздағы көшелердегі кәріз құбырлары жаңартылды. Бірақ біз орталық кәріз жүйесіне қосыла алмай отырмыз. Қыста ғимаратты көмірмен жылытамыз. Көгілдір отынға да қолымыз жетпей келеді. Сонымен қоса спортқа қатысты материалдық-техникалық базамыздың ескіргені тағы бар. Осындай қиындықтарға қарамастан шәкірттеріміз құрлықтық және республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл жетістікті біздегі білікті мамандардың еңбегі деп білемін. Бүгінде мұнда тәлім алған шәкірттерден өзге балалар мен жасөспірімдер спорттың бірнеше түріне тегін қатыса алады. Кабырғасы қаланғанына 70 жылға жуықтаған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу туралы облыс пен аудан әкімдігіне сан мәрте өтініш айттық. Естір құлақ табылса, қолға алады деген үмітіміз бар, – дейді Елмұрат Қайыпжанов.
Бүгінде ауылдарда спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі, жаттықтырушылар мен төрешілердің тапшылығы байқалады. Биыл еліміздің ауылдық жерлеріндегі балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту бағытында жаңа қадам жасалды. Бұл бастамалар ауыл спортының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етіп, болашақ чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді. Әсіресе, жұрт «AUYL SPORT» жобасына көп үміт артып отыр. Шелек ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін қайта жаңғыртуға осындай игі жобалардың бірінің шапағаты тисе деген ойдамыз.
Ерзат АСЫЛ