Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» музейінде «Бақытты ана – бақытты бала» тақырыбында семинар өтті. Қоғамдық келісім және даму орталығы ұйымдастырған алқалы жиынға Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылығы, аналар кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері мен іскер әйелдер қатысты.
Конференцияны ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық келісім және даму орталығы қоғамдық институттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Ақжарқын Мұратова еліміздегі аналардың рөлі мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға қатысты нақты шаралар қолға алынғанын айта келіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін мінберге көтерілген Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева қоғам үшін әр отбасында өсіп келе жатқан өрімдей ұл-қыздардың дені сау, рухани бай, еңбекке, білімге құштар болуы – ең ең биік мақсат екенін тілге тиек етті.
– Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Бұл мақалдың мағынасы терең, себебі отбасында алған тәрбие, білім баланың болашағына үлкен әсер етеді. Ата-ананың берген тәрбиесі, үйреткен құндылықтары жас ұрпақ жүрегінде сақталып, оның өмірлік ұстанымына айналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде: «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады», – дегенін баршаңыз жақсы білесіздер.
Қазіргі заманда отбасы институты көптеген сынаққа тап болып отыр. Жаһандану, ақпараттық технологиялардың дамуы, әлеуметтік өзгерістер – барлығы да отбасына әсер етеді. Сондықтан әрбір шаңырақ өз құндылықтарын сақтап, балаларын рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікті сезінуі қажет. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қолдау көрсету және құқықтарын қорғау, балаларды отансүйгіштікке, мейірбандық, кішіпейілділік, әдептілік және өнегеге, жауапкершілікке, мұқияттылық пен ұқыптылыққа тәрбиелеуде отбасындағы құндылықтар аса маңызды. Сондықтан біз – аналар осы мақсатта біріге жұмыс істеуіміз қажет! – деді Гүлнар Жошыбаева.
Осыдан кейін семинарға арнайы келген Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының басшысы, ҚХА жанындағы Жамбыл облыстық аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали «Әйелдер әлемді тербейді» тақырыбында баяндама жасаса, психолог, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ашылған «One Stop service – Бір қадам» орталығының практик-психологы Жеңісгүл Хабаева «Неге сіз өзгелерге қамқор болып, өзіңізге тым қатыгезсіз?» деген ойда, білікті ұстаз, психолог, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Баланы ерте дамытудың жеті негізі» атты оқушылардың білімін дамыту бағдарламасының авторы Жұлдыз Әуелбекова «Ананың қамқорлығы – баланың қанаты» тақырыбында сөз сөйлеп, қонақтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиын барысында өзге де қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, көтеріліп отырған тақырып төңірегінде ой бөлісті.
Семинар соңында алқалы жиынға келген көпшілік «Анаға құрмет» мұражайында болып, ондағы құнды жәдігерлермен танысып, естелік суретке түсті.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы