Алматы облысының индустриялық аймағы жоғары технологиялық өндірістерді құру және жергілікті контентті дамытуға ықпал ете отырып, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру ошағына айналып келеді. Бұған Қайнар ауылдық округінің Жалғамыс, Дәулет және Жаңалық ауылдарының қиылысында орналасқан «Қайрат» индустриалды аймағында болған кезімізде көз жеткіздік. Мұнда инвестиция салып жатқан қытайлық компания басшылары атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, өнеркәсіптік мақсаттағы ірі нысандар құрылысының перспективалық жоспары, инфрақұрылымдық даму аймағын құру, халықаралық маңызы бар жолдар тарту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқыланды.
Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Қайрат» индустриялық аймағының, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері қатысты.
Қонақтар аумағы 177 гектар болатын өнеркәсіптік аймақты абаттандыру және дамыту бойынша өз жобаларының тұсаукесерін өткізіп, дайын стендтерде құрылысты қалай жүргізуді жоспарлап отырғандарын рет-ретімен көрсетті. Бас мердігер – «China Constraction Sixth Engineering Bureau Co. Ltd» ЖШС. Ол – «China Constraction Со» компаниясының маңызды жүйе құраушы кәсіпорны болып саналады және 6 млрд юаньнан астам жарғылық капиталымен «Fortuna Global 500» компаниялары арасында 14-орында тұр. Компания қызметінің негізгі бағыттары – инфрақұрылым, элиталық тұрғын үй және жылжымайтын мүлік болып есептеледі. Бұл – құрылыс жобаларына, құрылысқа, механикалық және электр жабдықтарын монтаждауға, әрлеуге және техникалық консультацияға инвестицияларды біріктіретін кәсіпорындардың ірі кешенді құрылыс тобы. Бас жобалаушы «Tianjin Municipal Engineering Design Research Institute Co. Ltd».
Олар ұсынған аймақты дамыту бойынша жобаға өнеркәсіптік ғимарат құрылысы, логистика және қойма, саябақ, павильон, деректерді өңдеу орталығы, әкімшілік ғимарат, қонақүй кіреді. Жалпы индустриялық аймақты дамыту бойынша бұл жобаға салынатын инвестиция сомасы 1 млрд долларды құрайды. Мұнда 50-ге жуық нысанның құрылысы жүргізіледі, оның ішінде түрлі техникалық мақсаттағы құбыр, лак-бояу бұйымы, қабырғалық панель, жоғары сапалы бамбуктан және ағаштан жасалған есік, тиекті арматура, электр скутері мен автомобиль өндірісі бар. Жыл сайынғы логистикалық айналым 65 мың контейнерді құрайды. 20 мыңға жуық адам жұмыс орнымен қамтылады.
Қытайлық компания өкілдері жоспарланған құрылыс нысандарының орналасу макетін де ұсынды. Инвесторлар сондай-ақ ұзындығы 12,6 шақырымдық халықаралық маңызы бар жол салуды жоспарлап отыр, ол индустриялық аймақ пен Алматы-Шелек-Қорғас бағытын байланыстыратын болады. Жобаланатын жол 2 санатты және 4 жолақты болуы тиіс. Қытай тарапы жоспарланып отырған жолдың қуаттылығы зор болып, үлкен жүк ағынын қабылдауы тиіс екеніне назар аударды. Үш ай бұрын екі тарап арасында меморандумға қол қойылған, ол шетелдік компанияны белгіленген жұмысты мерзімінде орындауға міндеттейді.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай компанияларының өкілдеріне жобаның қазақстандық тарап үшін маңыздылығын атап өтіп, құжаттандыруды жеделдетулерін сұрады. Аймақ басшысының айтуынша, «China Constraction Sixth Engineering Bureau Co. Ltd» компаниясына 20 еншілес құрылыс тобы кіреді, олар өздерін кәсіби құрылыс салушылар ретінде танытуы тиіс. Жоспарланған тендер бұл тұрғыда нағыз мықтыларды анықтайды.
Марат Елеусізұлы бір жыл бұрын ресейлік құрылыс компаниялары 4 зауыт салып, «Қайрат» индустриялық аймағының бірінші алаңын абаттандырып, өздерін жақсы жағынан көрсеткенін мысалға келтірді. Ендігі кезекте қытай компанияларымен бірлескен іс жүзеге аспақ.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы