Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Қарасай ауданына жұмыс сапарымен барды. Ол алғашқы кезекте «Pladis Kazakhstan» ірі кондитерлік компаниясының қызметімен танысты.
Кәсіпорынның бас директоры Фатих Устунел мұндағы жұмыс барысын баяндап, өндірістік қуаттылықты арттыруға, шикізатпен қамтамасыз етуге, өнімді нарыққа шығаруға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.
Мұнда барлығы 756 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 26 мың дайын өнімді құрайды. Оның жартысы Қазақстан бойынша сатылады, ал екінші жартысы экспортқа жіберіледі. Биыл мұнда нарық сұранысындағы батончик өндіру желісін орнату жоспарлануда. Ол қараша айында іске қосылады деп күтілуде. Қосымша инвестициялар көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания бюджетке 3,7 млрд теңге аударғанын да айта кету маңызды.
Бұдан соң Қанат Болатұлы Жастар орталығы ғимаратының жанына саябақ салу бастамасы рәсіміне қатысты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы еліміз көлемінде кең етек жайып, оған облыс тұрғындары да белсенді қатысуда екенін атап өтті. Алайда, оның бір реттік емес, күнделікті өмірлік қағидаға айналуы керектігін, өйткені тазалық пен тәртіп денсаулық пен жақсы көңіл-күйдің айғағы екенін алға тартты.
Осы акция аясында Қанат Болатұлы аудан әкімі Жасұлан Естеновпен бірге ағаш отырғызу шарасына қатысты. Бұл күні барлығы 70 қарағай мен қайың көшеттері отырғызылды.
Іссапар аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары аудандық Мәдениет үйінде өткен Қарасай ауданы әкімі Жасұлан Естеновтің халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты.
Жасұлан Тоққожаұлы өз баяндамасында әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, ауданның тұрақты дамып келе жатқанын және көптеген мәселелердің біртіндеп шешіліп жатқанын айтты.
Баяндамада атап өтілгендей, бүгінгі күні ауданда 376 мың тұрғын бар, оның ішінде Қаскелең қаласында 89 мың адам тұрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 669,1 млрд, инвестиция көлемі 253,3 млрд, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 91 млрд теңгені құраған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 152 млрд теңге түскен, өсім 45,6% -ды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 209,9 млрд теңгеге дейін жеткізіп, яғни 38,1% -ға арттыру көзделген. Сонымен қатар, жалпы 255 млрд теңгеге 34 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Аудан әкімі тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына да тоқталып, инфрақұрылымдық даму, оның ішінде сумен, электрмен жабдықтау, жол сапасы, көшелерді жарықтандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Есепті жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, Қаскелең қаласының 21-ші квартал тұрғындары көшелердің жарықтандыру мәселесі алаңдататынын алға тартты. «Оңтүстік» шағынауданының тұрғыны қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Қаскелең қаласының тұрғыны Тәбия Қаражанова көшесіндегі, Қошмамбет ауылының тұрғыны Байқоңыр көшесіндегі жолдың жай-күйіне назар аударуды сұрады.
Жиынға қатысушылар жас мопед жүргізушілеріне қатысты жайтты да әкім назарына ұсынды. Олардың айтуынша, мопедшілер адамдар көп жиналатын көшелерде жарыс ұйымдастырып, қозғалыс ережелерін ғана емес, қоғамдық тәртіпті де бұзады. Сонымен қатар, олар түнде шулап, жолда қауіпті жағдайлар туғызады.
Аудан әкімі бұл мәселені құқық қорғау органдарының қызметкерлері бақылайтынын, олар тиісті рейдтер жүргізіп, қажетті шаралар қолданатынын айтты. Сонымен бірге, ол осындай қауіпті көлік түрін сатып әпермес бұрын ата-аналар баланың қауіпсіздігі туралы ойлануы керектігін жеткізді.
«Қарлығаш» тұрғын үй кешені тұрғындары да сумен, электрмен жабдықтау мәселесі толғандыратынын, судың сапасы өте нашар екенін, шәйнектерінің түбінде дем арада қақ жиналып қалатынын алға тартты. Жасұлан Тоққожаұлы бұл мәселелер көп ұзамай шешілетінін, аталған кешеннің коммуналдық шаруашылығын мемлекетке беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ал электрмен жабдықтауды «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ балансына беру үшін құжаттар дайындалу үстінде екенін тілге тиек етті.
Хан Тәңірі көшесінде тұратын зейнеткер бұған дейін көтерілген жол жөндеу, сумен жабдықтау және тіпті қаңғыбас иттерді аулау мәселелерінің шешім тапқанын айтып, алғысын білдірді. Ендігі ескерерлік бір жайт – электр қуатының жиі өшетіні екенін алға тартты.
Қарасай аудандық электр торабының маманы жарықтың өшуі ауа райына және атқарылатын жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты екенін түсіндірді. Десе де, бұл мәселе мәселе хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады.
Кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов қорытындылап, мемлекеттік органдар мен халықтың бірлескен жемісті жұмысы жолға қойылған кезде ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын атап өтті. Қанат Болатұлы сондай-ақ бірқатар экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, олардың барлығы ауданда жүргізілген үлкен жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқанын, жақында Айтей ауылдық округінің аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының құрылысы басталатынын айтты. Сонымен қатар, Қаскелең қаласындағы Нью-Йорк киноакадемиясы мен энергетикалық университет орналасқан Dala Edge инновациялық креативті технопаркінде халықаралық деңгейдегі кинопавильондардың құрылысы басталғанын да жеткізді. Болашақта инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандар салу бойынша жұмыстардың жалғасатынын айтып, қарасайлықтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, тазалық пен тәртіпті сақтауға, өңірдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қарасай ауданы



