Перейти к содержимому
Главная страница » Қарқарадағы қымыз мерекесі

Қарқарадағы қымыз мерекесі

Қымызмұрындық — ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін қымыз тойы. Ертеде қазақ бие құлындағанын зарығып күтеді екен. Содан болар, «Құлын ерді ме, Тәңір тілеуіңді берді ме?» деген аталы сөз бар. Тарихи аңыздарда адамды күнәсінен тазалау үшін боз биенің сүтіне шомылдырғанын білеміз. Қымыз ру, тайпа арасындағы келісімдерге өзара ант беру кезінде ішілгендігін де аңғаруға болады. Сондықтан қымызды береке-бірлік пен ынтымақтың сусыны десек қателеспейміз.

«Арудан асқан жан бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма?! Биенің сүті сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?!» — деп Ақтамберді бабамыз жырлағандай, сол ұлттық құндылығымыз бүгінгі таңда қайта жаңғыруда. Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық-2026» этнофестивалі мен Абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығы ұйымдастырылып, жайлау төсі мереке шаттығына шомды. Бұл қымызмұрындық жорылғысына елімізден және шет мемлекеттерден (Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан т.б.) 35 мыңға жуық адам қатысты. Игі бастаманың мағынасы зор, мәні терең. Ұлттық сусынның құндылығын насихаттау ұлы мақсат. Берекелі мереке қалың жұрттың ұлттық рухын оятқандай.