Кеген аудандық Мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Онда адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиынға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
– Бүгін – адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты мұрат еткен, жан жылуын кәсіби шеберлікпен ұштастыра білген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ұлықталатын ерекше күн. Дәрігер – адам жанының арашашысы, жер бетіндегі ең ізгі әрі ең қастерлі мамандық иесі, – деген Кеңес Қабылбеков еселі еңбегімен осы салада тер төгіп жүрген денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттады.
Ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, бүгінде құрметті зейнеткерлікке шығып отырған дәрігерлер де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков зейнеткер аналардың иықтарына орамал жауып, камзол кигізді.
Айтулы шарада Кеген аудандық ауруханасының директоры Қуаныш Бөлегенұлы, медицина саласының ардагері Ұлбике Әділова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов құттықтау сөз сөйлеп, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген ақ халатты абзал жандарға жылы лебіздерін білдірді.
Мерекелік салтанатты шара аудан өнерпаздарының әсем әні мен күмцбірлеген күйіне ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
