Әр отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Жанұядағы жағдай – қоғамдағы даму мен тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор. Осы орайда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды.
Отан отбасынан басталатынын ескерсек, отбасындағы береке мен балалардың бақытты балалық шағы – мемлекеттік саясаттың ең маңызды тетігінің бірі екені сөзсіз. Сондықтан соңғы жылдары елімізде отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары кеңейтіліп, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық тетіктер күшейтіліп, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бағытында маңызды қадамдар жасалды. Өңірлерде Отбасын қолдау орталықтары ашылып, дағдарыс орталықтарының жұмысы жанданды. Бұл мекемелер қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылы күшейтіліп, отбасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Осы орайда Еңбекшіқазақ АПБ ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі ауданда 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Тұрмыс», «Профилактика», «Құқықтық тәртіп», «Алкогольсіз аула», «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз көше», «Қауіпсіз үй», «Есептегі элемент» республикалық және облыстық профилактикалық іс-шараларын, сондай-ақ «Stop сталкинг» және «Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз» акцияларын тұрақты өткізіп келеді.
Бөлімшеге түскен өтініштер мен құқықбұзушылардың мекенжайлары бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі аудандағы Отбасын қолдау орталығының қызметкерлерімен, ішкі істер органдарының өзге құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында үйлестірілген жұмыстар атқаруда.
«Аталған жұмыстар аясында Еңбекшіқазақ ауданында отбасылық-тұрмыстық салада 19 қылмыс тіркелді. Заңнама талаптарын іске асыру аясында 385 қорғау нұсқамасы шығарылды. Ал 91 тұлғаға сот шешімімен ерекше талаптар белгіленді. Сонымен қатар құқықбұзушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, сот шешімімен 9 тұлға Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасына міндетті психологиялық көмек алуға жолданды. Бұдан бөлек, 1 құқықбұзушыға қатысты жәбірленушімен бірге тұруға тыйым салу және мәжбүрлі түрде шығару түріндегі әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы қолданылды», – дейді Еңбекшіқазақ АПБ ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Гүлназ Сұлтанай.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында ішкі істер органдарында есепте тұрған тұлғалар мен қолайсыз 290 отбасы бар. Аталған отбасылардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша аулалық аралау жұмыстары тұрақты жүргізілді.
Сондай-ақ жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық мәселелері бойынша «сенім телефонына» 54 қоңырау келіп түскен.
«Қонаев қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына және Алматы қаласындағы «Жансая» дағдарыс орталығына 7 әйел мен 26 бала орналастырылған. Барлығына кешенді құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, ұйымдастырушылық және тәжірибелік іс-шаралар кешені жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қарсы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету», – дейді Гүлназ Қанатқызы.
Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданында құрылған мобильді топтардың бірлескен жұмысы аясында қиын өмірлік жағдайдағы және полиция есебінде тұрған отбасылардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шаралар барысында отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
