Кеген ауданы Бөлексаз ауылында Ұлттық домбыра күніне орай, «Қасиетті домбыра» тақырыбында мерекелік шара өтті. Ауыл әкімі Серік Құныпияев шараның маңыздылығына тоқталып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Бөлексаз ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Әкімжанова:
-Бүгін біз қазақтың қастерлі аспабы — Ұлттық домбыра күніне арналған шараға жиналып отырмыз. Домбыра — халқымыздың жүрегінің үні, тарихымыздың шежіресі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан аманат. Әрбір күйде ата-бабамыздың арман-тілегі, қуанышы мен қайғысы, елдік пен ерлік рухы жатыр. Аналар кеңесі атынан айтарым, біз ұрпағымызды домбыраның қоңыр үнімен тәрбиелеуіміз керек. Өйткені домбыра – тек музыкалық аспап емес, ол — ұлттық болмысымыздың айнасы. Домбыра тартқан бала елін сүйеді, дәстүрін құрметтейді. Қадірлі қауым, бүгінгі мерекеде әр шаңырақта домбыраның үні естілсін, әр жүректе ұлттық рух оянсын! — деді ол.
Ұлы күйшілердің мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа жеткізу — ортақ парызымыз. Ұлтымыздың үні әрқашан асқақтап, қазақ күйі мәңгілік жасай берсін!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы


