Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлт ғылымын көтерген

Ұлт ғылымын көтерген

Жыл сайын шілде айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда Металлургтер күні аталып өтеді. Бұл –елдің индустриялық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген металлургтер мен кеншілердің, геологтар мен байытушылардың, өндіріс саласының барлық еңбеккеріне көрсетілетін құрмет. Қазақстанның қуатты минералдық-шикізат қоры мен металлургия өнеркәсібінің қалыптасу тарихы академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Қаныш Сәтбаев – қазақтан шыққан бірінші академик, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті геолог әрі мемлекет қайраткері. Оның ғылыми қызметі еліміздің минералдық-шикізат қорын жан-жақты зерттеуге, жаңа кен орындарын ашуға және тау-кен өндірісі мен металлургияның дамуына бағытталды. Ол табиғи байлықты игеру ісін тек экономикалық қажеттілік ретінде емес, елдің ғылыми-техникалық дамуының негізгі тірегі ретінде қарастырды.
Ғалымның есімі ең алдымен Жезқазған мыс-кен орнын зерттеумен байланысты. Жас геолог кезінде-ақ ол Жезқазғанның минералдық әлеуетіне ғылыми тұрғыдан баға беріп, бұл өңірдің әлемдегі аса ірі мыс-кен орындарының бірі екенін дәлелдеді. Кейін бұл тұжырым өндірістік тәжірибеде толық расталып, Жезқазған Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес одағының түсті металлургия орталығына айналды. Мұнда жаңа шахталар мен кеніштер ашылып, кен байыту фабрикалары мен металлургиялық кәсіпорындар салынды. Бұл Қазақстанның индустриялық дамуына тың серпін берді.
Қаныш Сәтбаев ғылыми зерттеулерді өндіріс қажеттілігімен ұштастыра білді. Оның бастамасымен еліміздің көптеген өңірінде кешенді геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, жаңа кен орындары анықталды. Ғалым табиғи ресурстарды ғылыми негізде игеру, олардың қорын болжау және тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше мән берді. Бұл бағыттағы еңбектері Қазақстанның минералдық-шикізат базасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарды.
1950 жылдары академик Қаныш Сәтбаев Қазақстандағы металлогения ғылымы мектебінің негізін қалады. Металлогения – пайдалы қазбалар кен орындарының пайда болуы мен жер қыртысында таралу заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Ғалымның жетекшілігімен Қазақстан аумағын металлогениялық тұрғыдан зерттеудің ғылыми негіздері жасалып, жер қыртысының геологиялық құрылысы мен даму тарихын кешенді талдау арқылы жаңа кен орындарын болжаудың тиімді әдістері қалыптасты.
Осы кезеңде Қазақ КСР Ғылым академиясында Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен Орталық Қазақстанның алғашқы металлогениялық карталарын жасау жұмыстары қолға алынды. Геологтар, геофизиктер, геохимиктер және басқа да сала мамандары қатысқан бұл ауқымды ғылыми жоба іздестіру-барлау жұмыстарының тиімділігін жаңа деңгейге көтерді. Металлогениялық провинциялар мен аймақтардың анықталуы пайдалы қазбаларды іздеу ісін ғылыми тұрғыдан жүйелеп, кейінгі зерттеулерге берік негіз қалады.
Қаныш Сәтбаев қалыптастырған ғылыми мектеп жетекші геологиялық орталықтардың біріне айналды. Оның шәкірттері мен ізбасарлары – Шахмардан Есенов, Георгий Медоев, Евгений Анкинович және басқа да көрнекті геологтар металлогения, геология және кен орындарын болжау бағытындағы зерттеулерді жалғастырып, Қазақстанның минералдық-шикізат базасын дамытуға зор үлес қосты. Академиктің ғылыми еңбектері әлемдік геология ғылымының алтын қорына енді.
Ғалым тек ірі зерттеуші ғана емес, ұлт ғылымының ұйымдастырушысы болды. Оның жетекшілігімен Қазақстан Ғылым академиясы жаңа ғылыми бағыттарды дамытып, білікті геологтар мен инженерлер даярлай бастады. Ол ғылымның өндіріс пен қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс екенін өз еңбегімен дәлелдеді.
Бүгінде Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазақстанның минералдық ресурстарын ұтымды пайдалану, жаңа кен орындарын игеру, геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру бағытында оның ғылыми қағидалары әлі де басшылыққа алынады. Жаңа технологиялар дамыған заманда да Сәтбаев қалыптастырған ғылыми мектептің дәстүрі жалғасып келеді.
Металлург күні – өндіріс майталмандарына құрмет көрсететін ғана емес, осы саланың ғылыми негізін қалаған тұлғаларды ұлықтайтын мереке. Солардың ішінде Қаныш Имантайұлының орны айрықша. Оның көрегендігі мен ғылыми жаңалықтары Қазақстанның индустриялық дамуының берік іргетасын қалап, ұлттық ғылымның жаңа белесін ашты.
Бүгінде Қаныш Сәтбаевтың есімі ғылымның, өндірістің және отан­шылдықтың символына айналды. Оның өмірі мен еңбегі – жас ұрпақ үшін білімге құштарлықтың, елге адал қызмет етудің және ғылымға деген шексіз жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Металлургияның дамуына қосқан өлшеусіз үлесі мен ғылыми мұрасы Қазақстанның өркендеу жолында мәңгілік рухани қазына болып қала береді.

Гүлжан Назымбетова,
Академик Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музей директоры