Перейти к содержимому

Әлемдік ойдың алыбы

27 қаралым

Алатау қаласы «Заречный» ықшамауданындағы №1 кітапхана филиалында қазақтың ұлы ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған «Әлемдік ойдың алыбы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Рухани шараға 3660 әскери бөлімінің сарбаздары қатысып, Абай әлемімен жақынырақ танысты.

Кеш барысында кітапхана қызметкерлері ақынның өмірі мен шығармашылығы, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы кеңінен мағлұмат берді. Абайдың тағылымды қара сөздері мен өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Сарбаздар да шараға белсенді қатысып, ойларын ортаға салды.
Абай өз шығармаларында адамды білімге, ғылымға, еңбекке, адалдыққа, адамгершілікке үндеді. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» сынды өлеңдері бүгінгі ұрпақ үшін де тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ.
Шараның басты мақсаты хәкім­нің рухани мұрасын кеңінен насихат­тау, жастардың кітап оқуға деген қызығу­шылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отансүйгіштікке тәрбиелеу болды. Әдеби-сазды кеш мазмұнды әрі әсерлі өтіп, қатысушыларға ақын шығармашылығының тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді. Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы, адамзатқа ортақ асыл қазына.

А. Ақпарова,
«Заречный» ықшамауданындағы №1 кітапхана филиалының кітапханашысы
Алатау қаласы