
Алма бағының бабын тапқан бағбандар алғашқы жиын-терінге кірісіп кетті. Олар биыл 100 мың тоннаға жуық алма жинауды жоспарлап отыр. Оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 20 пайызы экспортқа шығарылады. Алматы өңірінің алмасы негізінен Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдеріне экспортталады. Сонымен қатар жиналған өнімнің 10 пайызы шырын, пюре, тосап және өзге де қайта өңделген өнімдер шығаруға пайдаланылады.
Бүгінде облыстағы алма бағының жалпы аумағы 9,9 мың гектарды құрайды. Оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Алма өсіру көлемі бойынша облыстың Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 34,1 мың тонна өнім жиналады. Одан кейінгі орында Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары тұр.
Өңірде алма ағашының 21 сорты өсіріледі. Олардың қатарында Алматы апорты, фуджи, гала, голден делишес, синап, кандиль, айдаред және басқа да кең таралған сорттар бар. Соның ішінде гала сұрыпына халықаралық нарықта сұраныс жоғары.
«Алматы облысында соңғы үш жарым жылда 282 мың тоннадан астам алма жиналып, 1,5 мың тоннасы шетел нарығына экспортталды. Оның түсімі шамамен 1 млн 549 мың АҚШ долларын құрады. Қазір Еуропа елдері, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарығымен экспортты ұлғайту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар тек жаңа піскен алманы ғана емес, шырын, кептірілген алма, пастила сияқты қайта өңделген өнімдерді де сыртқы нарыққа шығару көзделіп отыр. Біздің басты міндет – өнімділікті арттыру. Сол үшін жоғары өнімді көшеттер отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі енгізілуде, цифрлық технологиялар қолданылып, интенсивті бақтардың көлемі ұлғайтылып жатыр»,– деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықов.
Өңірде Алматы апортын халықаралық деңгейдегі бренд ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Апорт алмасын қалпына келтіру жобасы аясында сапалы көшеттер көбейтіліп, жаңа бақтар отырғызылуда. Бүгінде облыстағы апорт бағының жалпы аумағы шамамен 2,3 мың гектарды құрайды. Бұл бақтардан жылына 6,6 мың тонна апорт алмасы жиналады, орташа өнімділігі гектарына 88,5 центнерді құрайды. Сонымен қатар жеміс-жидекті сақтау және қайта өңдеу бағытында жаңа жобалар іске асырылуда. Соның бірі – жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеуге қауқарлы «QAZAQ Global Food JV» зауытының құрылысы. Жоба іске қосылғаннан кейін өңдеу көлемі ұлғайып, алманы ұзақ сақтауға мүмкіндік туады. Бұл маусымнан тыс уақытта да өнімді нарыққа шығарып, экспорт көлемін арттыруға ықпал етеді.
Өңірде алма өсірумен айналысан шағын шаруақожалықтар да бар. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданы Әймен ауылында орналасқан «Хишманов» бағы. Жалпы аумағы – 14 гектар. Оның 4 гектарында көшет өсіріледі. Қалған жерге бақ отырғызылып, түрлі тәжірибелер жасалады. Сондай-ақ шаруақожалық Әймен ауылы мен оған жақын елдімекендердің тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тұрақты түрде 15 адам еңбек етеді. Ал өнім жинау және көшет отырғызу кезінде олардың саны 30-45 адамға дейін жетеді. Былтыр 12 тонна өнім алынған. Ал биыл оның көлемін 24-28 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар алма жинау кезінде ешқандай қалдық қалмайды. Оның бәрі арнайы сұрыпталып, кәдеге жаратылады. Өнімнің барлығы дерлік Қазақстан аумағында сатылады.
– Біз қазақстандық селекцияға жататын, жоғалып кетуге сәл қалған Анель, Айнұр, Дамира, Восход, Раши сияқты сорттарды көбейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бұл сұрыптар жақсы өнім береді, дәмі де тіл үйіреді. Шағын тәлімбағымыз бар. Онда негізінен өзіміздің баққа қажет көшеттерді өсіреміз. Қайсысы біздің аймаққа қолайлы екенін зерттеп, содан кейін ғана бақта өсіруге кірісеміз, – дейді шаруақожалық басшысы Руслан Хишманов.
Облыста алманың өнімділігін арттыруға және отандық сорттарды сақтап, көбейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Сондай-ақ қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту арқылы жергілікті алманың экспорт әлеуетін күшейтуге басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың өз нәтижесін берері сөзсіз.
Гүлзат БАЙҚОНЫС

