Перейти к содержимому

Ұлт ұстазы ұлықталған күн

29 қаралым

           Іле ауданы М.Түймебаев ауылындағы 20 орта мектепте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өлмес мұрасын бүгінгі білім беру үдерісімен сабақтастырып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың озық үлгілерін насихаттаған «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық руханият» атты облыстық байқау өтті. Тағылымы мол шара ұстаздардың кәсіби шеберлігін ғана емес, ұлттық мұраға деген құрметі мен заман талабына сай ізденісін де саралаған мазмұнды алаңға айналды.
         Облыстық  тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған байқаудың негізгі мақсаты – Алаштың ардақты перзенті, ағартушы-ғалым, ақын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдеби мұрасын кеңінен дәріптеу, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы озық педагогикалық тәжірибелерді анықтау, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету. Сонымен бірге шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның қоғамдық рөлін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталды.
         Байқауға жалпы орта білім беру мектептеріндегі орыс, ұйғыр сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қатысты. Бір қарағанда, әр кезеңнің талабы әртүрлі болғанымен, олардың барлығын біріктірген ортақ өзек – Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын терең түсіну және оны бүгінгі ұрпаққа жеткізудің тиімді жолын табу еді. Шараның ашылу салтанатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Салтанат Беспаева қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
– Сіздерді ұлағатты ұстаз, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын дәріптеуге арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық руханият» атты облыстық байқаудың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани қазынасында айрықша орны бар ұлы тұлға. Ол ұлттың әдебиетін, білімін, мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бар ғұмырын елінің болашағына арнады. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөзі бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ, – деді басқарма басшысы.
     Салтанат Дауысбекқызы өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы өткеннің жәдігері ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани темірқазық екенін атап өтті. Оның тіл, білім, ғылым, ұлттық сана мен елдік мұрат туралы ойлары жас ұрпақты отансүйгіштікке, білімге және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.


Шындығында, Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталған жерде сөздің салмағы, тілдің тағдыры, ұлттың болашағы қатар ойға оралады. Себебі ол қазақ тілін зерттеп қана қойған жоқ, оның өміршеңдігін қамтамасыз ететін ғылыми негіз қалыптастырды. Әліпби түзді, оқулық жазды, тіл үйретудің әдістемесін жасады. Сондықтан ұлт ұстазының мұрасын бүгінгі мұғалімнің тәжірибесімен байланыстыру – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа жасалған жауапты қадам. Осы идея байқаудың мазмұнынан да анық көрінді. 
         Байқаудың алғашқы кезеңі «Ахметтен қалған асыл сөз» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығынан бір өлең немесе бір мысал жатқа оқып, шығарманың көркемдік және тәрбиелік мәнін ашуға тырысты. Екі минут ішінде мұғалімдер ақын сөзінің мазмұнын ғана емес, оның ішкі қуатын, астарлы ойын, ұлттық рухын көрерменге жеткізуі тиіс болды. Қазақ халқы ежелден сөздің қадірін ерекше бағалаған. Сөзді жай ғана қарым-қатынас құралы емес, елдің жадын сақтайтын, ұрпақтың санасына сәуле түсіретін асыл мұра санаған. Ахмет Байтұрсынұлы да сөз өнерінің осы қасиетін терең түсінді. Оның шығармаларындағы әрбір жол халықты оянуға, білімге, еңбекке, елдікке үндеді. Сондықтан байқаудың алғашқы кезеңі ұстаздардың көркем сөз оқу шеберлігін сынаумен қатар, олардың Ахмет мұрасын қаншалықты сезіне алатынын аңғартты.
          Екінші кезең «Жасанды интеллект және Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы» деп айшықталды. Бұл жерде дәстүрлі мұра мен жаңа технология тоғысты. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын насихаттайтын аудиовизуалды өнімдер дайындады. Дайын жұмыстар Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде жариялануы тиіс болды. Бұл кезеңнің ерекшелігі – ұстаздың тек пәнді жақсы меңгеруі жеткіліксіз екенін көрсетуінде. Бүгінгі мұғалім заман ағымынан қалмай, цифрлық технологияны да тиімді пайдалана білуі қажет. Ал технологияның мүмкіндігін ұлттық мұраны насихаттауға бағыттау – одан да маңызды міндет. Сондықтан қазылар алқасы ұсынылған жұмыстардың мазмұнына, идеясына, сапасына және Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын көрерменге қаншалықты түсінікті әрі әсерлі жеткізгеніне назар аударды.
       Үшінші кезең «Біздегі тиімді әдіс» тақырыбында өтті. Бұл кезеңде қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін оқытуға қатысты әдістемелік еңбектерін негізге ала отырып, бір әдістемелік тәсілін көрсетті. Сонымен қатар қазақ тілін күнделікті өмірде және кәсіби ортада қолдану аясын кеңейтуге бағытталған өз жобаларын таныстырып, қазылар алқасы алдында қорғады. Бұл – байқаудың мазмұнын тереңдете түскен кезең болды. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын білу бір басқа да, оның педагогикалық ұстанымдарын бүгінгі оқу үдерісіне бейімдеп, нақты нәтижеге бағыттау бір басқа. Қатысушылар өз тәжірибелерінен мысал келтіріп, қазақ тілін оқытуда қолданатын тиімді тәсілдерін ортаға салды.
Әр кезеңнің жұмысы байқау ережесінде белгіленген талаптар мен бағалау өлшемдеріне сәйкес қазылар алқасының бақылау парақтары арқылы бағаланды. Қатысушылардың пәндік білімі, шығармашылық ізденісі, сахна мәдениеті, цифрлық технологияларды меңгеруі, ұлттық мұраға құрметі және қазақ тілін оқытудағы әдістемелік шеберлігі сараланды.
       Үздіктер үш кезеңнің қорытындысы бойынша анықталды. Байқаудың бірінші орны жүзден жүйрік мыңнан тұлпар болып білімімен дара көрінген Жамбыл ауданынан қатысқан Ару  Қасымоваға бұйырды. Ал жүлделі екінші орынды осы ауданның тағы бір өкілі Наргиза Нұрмалинова иеленді. Үшінші орын Қонаев қаласының намысын қорғаған Жұлдыз Қайыроваға берілді. Ал ынталандыру сыйлығына қарасайлық Әсем Ерғали лайық деп танылды. Жеңімпаздарды анықтау – байқаудың бір нәтижесі болса, одан да маңыздысы – осы додаға қатысқан әр ұстаздың кәсіби ізденіске жаңа серпін алуы. Себебі мұндай шаралар мұғалімнің өз тәжірибесін таразылап, әріптестерінен үйренуіне, жаңа технологияларды меңгеруіне, ұлттық мұраны заманауи әдістермен сабақтастыруына жол ашады. Өткен мен бүгінді жалғаған осындай шаралар арқылы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы кітап бетінде қалып қоймай, мектеп қабырғасына, ұстаз тәжірибесіне, шәкірт санасына жол тартады. Ұлт ұстазының ең үлкен арманы да – білімді, саналы, елінің сөзін сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеу еді. Бүгінгі ұстаздар сол аманатты жаңарған заманның мүмкіндіктерімен жалғастырып келеді.

Құралбек СӘБИТҰЛЫ


Іле ауданы